Мамандығым — менің мақтанышым!

Әрбір мемлекеттің болашағы білімді де, білікті мамандармен шыңдалады. Бүгінгі таңда «Психология» мамандығы әлемдегі ең танымал мамандықтардың үздік бестігіне кіреді. Бүгінде психология ғылымы адам іс-әрекетінің түрлі салаларында қарқынды орын алуда. Психология мамандығының беделінің күннен күнге артуына — болашақ психолог мамандар өз білімдері мен біліктерін қолдана алатын салалардың күннен күнге артып, кеңейе түсуі әсер етсе керек.
Психолог маманы болып шығу адам жанын түсініп қана қоймай оларды дұрыс жолға салуда және тәрбиелеуде игілікті жұмыстарға қол жеткізеді. Мұны ұлы ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің мына бір ой тұжырымынан –ақ білуге болады: «Психология терең ойдың білімі, оны құрғақ пәлсафа бос сөз екен деп ойламаңыздар, » — деген.
Осығын орай, КДФ 3 курс 312 оқу тобының курсанттарына «Психологиялық кеңес беру негіздері» пәні бойынша тәжірибелік сабаққа Қостанай облысы бойынша ҚАЖД инспектор — психологі, әділет аға лейтенанты Айдана Қанатқызы Серікбаева қатысты.
Психология — ешқашан өлмейтін, өшпейтін, қайта күн санап мәртебесі арта беретін болашақтың мамандығы деп есептейтін қонағымыз өзінің қызметі бойынша атқаратын жұмыстарының қыр-сырымен бөлісті. «Өзімнің де осы мамандықты таңдағаныма еш өкінішім жоқ, себебі, әр таңды көңілді әуен, жағымды ойлармен қарсы алып, адам баласына тек жақсылық, ізгілік тілеймін» — деп сөзін жалғастырған Айдана Қанатқызы курсанттардың әр қойған сұрақтарына нақты жауап қайтарды. Сонымен қатар, Қостанай облысы бойынша ведомстволық мекемелері психологтарының жетекші кураторы ретінде жұмыс жасайтыны туралы да баяндап өтті. Сабақ соңында қонағымызды және курсанттарды келе жатқан төл мерекемізбен құттықтап, жыбы лебізімізді білдірдік.

КПДжІІОБ кафедрасының
аға оқытушысы,
полиция капитаны
Н. Турсумбаева