Көкейтесті сұхбат

Педагогика және психология кафедрасында курсанттармен тәжірибелік қызметкерлердің кездесулерін ұйымдастыру, сабақтарына қатыстыру іс-шаралары дәстүрге айналған. Бірақ бұл жолғы кездесу ерекше орын алды. «Еңбек ерді өсіреді» дейді дана қазақ. Осы ұғымды санасына сіңіріп, саналы өмірін еңбекке арнап келе жатқан жандар өңірімізде аз емес. Сондай жандардың бірі – Батыс Қазақстан облысы ҚАЖД бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары әділет полковнигі Манарбек Серікқалиұлы Габдуллин.

Бір кездері өзі жас маман полиция лейтенанты болып бастаған жұмысының қыр-сырын меңгеріп шыққан, бүгінде танымал тұлға болып аяқ басқаны үлкен еңбектің арқасы екенін жасыра алмады. Жиналған КОФ 4 курс «Педагогика және психология» мамандығында оқитын 411 оқу тобының курсанттарына өмірбаянын әңгімелей келе, құқық қорғау қызметінің қыр-сырына тоқталып, осы мамандықты таңдаған жанда адамгершілік пен мейірбандылық қасиеттердің мол болуы кәсіби шеберлікпен ұштасып жататынын айтып өтті.

«Адам адамнан адамгершілігімен озады» — деген ұлы данышпан Абайдың сөзін өмірлік ұран етіп ұстанған полковник курсанттарды болашақ қызметте адал, кәсіби жан-жақты болуға және талмай еңбек етуге шақырды. Сонымен қатар, Манарбек Серікқалиұлы ҚАЖ мекеме психологтарының куратор жетекшісі болып қызмет атқарады. Бұны естіген курсанттар өздерінің болашақ мамандықтары, атқаратын қызметтері туралы жан-жақты сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.
Осы кездесу жоғары деңгейде өтіп, курсанттардың көңілінен шықты. Алтындай уақытын бөліп, өзінің қызықты тәжірибесімен бөліскен әділет полковнигі Манарбек Серікқалиұлы Габдуллинге алғысымыз шексіз!

Педагогика және психология
кафедрасының аға оқытушысы
полиция капитаны
Н.Ж.Турсумбаева