Курсанттар аймақтық «Абай оқулары» байқауына қатысты

2020 жылдың 19 ақпанында Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде  Халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу қарсаңында Жоғары оқу орындарының және колледж студенттерінің арасында аймақтық «Абай оқулары» байқауы өткізілді. Аталған байқауға ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Кәсіби даярлық факультетінің полиция қатарындағы 2-курс курсанты Ержан Турабеков, полиция қатарындағы 3-курс курсанты Айзада Ибрагим, полиция қатарындағы 3-курс курсанты Жанерке Жексентай, полиция қатарындағы 3-курс курсанты Ақжүніс Ахметова қатысты.

Байқаудың мақсаты: қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, Абай туындыларын насихаттау, Абай шығармалары арқылы көркемсөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру, эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар шығармаларына ұлттық рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

«Абай оқулары» байқауы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абай қара сөздері – тағылымды мұра», «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» атты номинациялар бойынша өтті. Курсанттарымыз әр номинацияға белсене ат салысып, өз өнерлерін барша қауымға көрсетті.

Ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшыл, Абай шығармаларының асыл мұрасын насихаттау бағытында өткізілген аймақтық тамаша іс-шараға өз үлестерін қосқан  курсанттарымыз марапатталды.

Баспасөз қызметі