Курсанттардың Қостанай қаласындағы сәбилер үйіне баруы

Қазақта Жетім көрсең жебей жүр деген қасиетті сөз бар. Жақсылық пен қайырымдылық жасауға әрқашан жаны құмар халықпыз ғой. Осы ұранды желеу етіп, 14 қазан күні 201 топ курсанттары Қостанай қаласындағы «Дельфин» сәбилер үйіне барды.
Басты мақсат — қоғамға бармақтай болсын пайда тигізіп, мемлекеттің бір бөлшегі ретінде қайырымды іс жасау. Тілдері балдай, қылықтары сүйкімді кішкентай періштелер бізді қуана қарсы алды. Сол сәтте өзімізді сәбидей сезініп, бір сәтке болсын қарбалас тіршілікті ұмытып та кеткенімізді жасырмақ емеспіз. Топ болып, балаларға кішігірім тәтті базарлықпен бардық. Адам баласында ең бастысы ниет болуы керек қой, ақ ниетпен, періште көңілімізге сәбилер үйінің ұжымы да қуанып қалды.
Өмірден еш хабары жоқ, көздері жаутаңдаған қара көздерді көргенде көңіліміздің босағанын да жасырмаймыз. Шынын айтсам, бұл күн шаттыққа толы күн болды. Курсанттар сәбилерді ойнатып, базарлықтарымен бөлісіп, бар назарларын соларға бөлді. Қызықты уақыт өткізіп, мәз-мейрам болып қайтты. Періштелерге бар жақсы тілектерімізді жаудырып, өмірде үлкен биіктерден көрінуіне тілекші екенімізді білдірдік. Оларға бұл барғанымыз бірінші рет емес деген сенімдеміз, әлі талай барып сәбилермен кездесеміз деген оймен тарастық. Әлемде еш сәбидің көңілін мұң шалмасын.
Әр сәби ата-ана мейірімін сезініп, тәтті балалық шақты қайғысыз өткізіп, бақытты болуға лайықты. Сәбилердің барлығы бақытты болу үшін жаралған. Біздегі тілек осы!

201 топ кураторы
полиция майоры
Д. Қалқаманұлы