Академияның жас курсант-ақындары

Ағымдағы жылдың 15-26 ақпан аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және 21-ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз», «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты» — деген пікірін жүзеге асыру мақсатында Петропавл қаласының Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына «Өлең сөздің патшасы» атты аймақаралық жыр мүшәйрасын өткізді. Аталған мүшәйраға Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарынан 15-35 жас аралығындағы жас ақындар, сонымен қатар ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының кәсіби даярлық факультетінің 2, 3, 4-курс курсанттары, дәлірек айтқанда, 4-курс курсанты полиция кіші сержанты Ә.Ілияс, 3-курс курсанты полиция қатарындағы Е.Лашын, 2-курс курсанттары полиция қатарындағы А.Бакбаева, М.Қалмақбаев, Е.Турабеков қатысты. Екі кезеңнен тұратын мүшәйрада Абай Құнанбаевқа арналған және еркін тақырыптағы жүректен шыққан өлеңдерін арнады.
Іс-шараның мақсаты ұлы ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, аудармашы, саяси қайраткер, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор, қара сөздің зергері, әлемге танылған кемеңгер ақын, Абай Құнанбаевтың мұрасын насихаттау, сонымен қатар жас ұрпаққа Абай өмірін, қасиеттерін үлгі ете отырып, білімге, ғылымға, құмарлығын арттыру, патриоттық тәрбие беру болып табылады.
Академия курсанттары, яғни болашақ тәртіп сақшылары тек білім алып қана қоймай, қоғамдық және мәдени-көпшілік шараларға, бойында ақындық шығармашылығы бар курсанттар өңірлік және республикалық деңгейде өткізілетін барлық іс-шараларға қатысады.
«Өлең сөздің патшасы» атты аймақаралық жастар арасындағы жыр мүшәйрасына қатысқан курсанттарымызға сертификат табыс етілді.

 


Баспасөз қызметі