Иван Дычко болашақ тәртіп сақшыларымен кездесті

2020 жылдың 13 ақпанында  Олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегері, Азия және Азия ойындарының чемпионы, қазіргі уақытта кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген Иван Дычко ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының құрметті қонағы болды.

Академия бастығы полиция полковнигі Н.Биекенов мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР ішкі істер министрі, генерал-лейтенант  (ІІ дәрежелі ішкі қызмет генерал-лейтенанты), ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Шырақбек Қабылбаевтың өмірі мен ішкі істер органдары саласындағы мемлекет және кадр саясатын жетілдіруге қосқан үлестеріне,  2019 жылдан бастап жаңа форматтағы полиция қызметкерлері даярланып жатқандығы туралы айтып өтті. Сонымен қатар оқу ордамыздың тарихынан сыр шертетін мұражайға  саяхат жасалды.  И.Дычко құрметті қонақтарға арналған кітапқа қолтаңбасын қалдырып, мұражайдың құнды құжаттар мен кубоктерге толы бай қазынасына таңданыс білдірді. Әсіресе спортта иеленген бірнеше кубоктер мен суреттерге, жүлделі орын иеленген грамоталарға сүйсіне қарады.
И.Дычко: «Спорт – денсаулық кепілі. Қарап тұрсам, оқу ордаңызда жеке құрам мен курсанттарыңыз бірталай республикалық, облыстық деңгейлерде жүлделі орындар иеленіп жүргендігі мына, фотосуреттерден көрініп тұр. Бұл мен үшін, мақтаныш, өйткені менің өмірімде спорт ерекше орын алады» -, деді. Қазақ және қонақжай деген екі сөз егіз ұғыман көрінеді. Осы төңіректе Академия басшылығы жерлесіміз, боксшы, құрметті қонағымыз  Иван Дычкоға академия атынан естелікке сыйлық- ескерткіш  табыс етті.

Академияда білім алып жатқан курсанттар көптен күткен аталмыш іс-шараға дайындалып, бір адамдай Академия спортзалыда жиналды. И.Дычко спортзалға спорттық киімін киіп курсанттарымызға және алғашқы кәсіптік даярлық тыңдаушыларына шеберлік сабақтарын көрсетті. Біздің курсанттар да спорттық киімдерін киіп, әлем чемпионының айтқан жаттығуларын мүдіртпей орындап, жүректерінде қуаныш лүпілдеп, көздерінен спортқа деген қызығушылықтың одан әрі молая түскендігін  көрдік.  Осындай жаттығу жұмыстарынан кейін курсанттарымыздың көңіл-күйлері көтеріліп, өздерін бақытты сезініп, Иван Дычко сияқты танымал чемпион болуды  армандады.
Сонымен қатар жаттығу арасында И.Дычко: «Спортшының құралы -оның қолы. Адам ең алдымен ерінбей-талмай еңбек етуі керек, сонда ғана арманы орындалып, жетістікке қол жеткізе алады. Спортта нағыз мықтылар ғана жеңіске  жетеді» -, деді.

Аталған іс-шара дене шынықтыру даярлығы кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен өткізілді. Осы жерде айта кетейін, біздің курсанттар жыл сайын республикалық, облыстық деңгейлерде өткізілген шараларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп, оқу ордамызды биік белестерден көрсетіп жүр. Бұл кафедра оқытушыларының  талмай, адал еңбек етуінің арқасы.

Іс-шара соңында қатысушылар Иван Дычкомен естелікке суретке түсті.

Баспасөз қызметі