Жаңа әліпби – жаңа белес

Жаңа әліпби қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі танымалдығын арттырады, қазақтың сөз құдіретін танытып, жастардың ағылшын және интернет тілін тез үйреніп, халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашады.
5-қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу аясында Академия курсанттарының арасында 2019 жылғы қыркүйек айының 13 жұлдызында «Жаңа әліпби – жаңа белес» атты білім жарысы өтті.
Іс-шараның мақсаты – талай ақын, шешен бабаларымызды бұлбұлша сайратқан, жарға соққан толқындай екпінді, наркескендей өткір тіліміздің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, ішкі істер органдарында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тіл мерейін арттыру.
Білім жарысына күндізгі оқыту факультетінің 2-4 курс курсанттарынан құралған «Алаш ұландары»,«Бірлік» және «Қабылбаев ұрпақтары» топтары қатысты.

Ұйымдастырылған сайыс 3 айналымнан тұрды. Қатысушы топтар алғашқы «Сөзді тап» айналымында жасырылған сөздерді тауып, «Дарындылар додасында» өздерінің білім деңгейлерін көрсете отырып, викториналық сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындады, ал соңғы «Шапшаң жас» айналымында жаңа әліпбимен жазылған жаңылтпаштарды мүдірмей оқудан шапшаңдықтарын саралады.
Қазылар алқасының шешімі және жинаған ұпай санының көрсеткіші бойынша І орынға жоғары білім деңгейін көрсеткен 3 курстың «Бірлік» командасы лайық деп танылды, тиісінше ІІ орынды 4 курстың «Қабылбаев ұрпақтары», ал ІІІ орынды 2 курстың «Алаш ұландары» иеленді.
Осындай білім бәйгелері болашақ мамандар даярлау жүйесінде маңызды болып табылады және олардың кәсіби өсуін қамтамасыз ететіне кәміл сенімдіміз.

Мемлекеттік тіл бөлімшесінің инспекторы
Б.Нұрбекова