Жаңа әліпбидің жазуда қолданылуы

Қазіргі латын таңбалы сөздер Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 637 жарлығына қосымша «Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиімен» өрнектеліп жүр. Оның қолданылуын реттейтін «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» 2018 жылғы 6 желтоқсанда мақұлданды. Бірақ ол әзірге халық арасында кеңінен танылып үлгерген жоқ. Әйтсе де, жаңа әліпби ісқағаздарына енгізіле бастады. Ал жаңа орфографиялық сөздік әлі түзілу үстінде. Міне, осы жайттарды ескере келе, жаңа әліпбидің жазуда қолданылуына тоқталып, толғандырған мәселелер жөнінде ой қорытсақ дейміз.
Алдымен, емле ережелері және оған мысалдар:
соңғы буынында á (ә) әрпі жазылатын түбір сөздерге және соңғы буыны á-мен аяқталған кісі есімдеріне ашық дауыстылармен келетін қосымшалар жуан жалғанады: kúnáǵa (күнәға), kinálaý (кінәлау), shúbálaný (шүбәлану), kýádan (куәдан), kúmánǵa (күмәнға), Kúláshqa (Күләшқа), Bilálǵa (Біләлға);
бірқатар кірме сөздер айтылуы бойынша жазылады: kástóm (кәстөм), sıez (сиез), slesir (слесір), vedimis (ведіміс), ketchúp (кетчүп);
ё әрпі ó әрпімен таңбаланады: manóvr (манөвр), aktór (актөр), rejısо́r (режисөр);
ц әрпі және сц әріп тіркесі s әрпі арқылы жазылады: sırk (сирк), prınsıp (принсип), lısenzıa (лисензиа), desımetr (десиметр), korporasıa (корпорасиа), senarı (сенари);
щ әрпі sһ әрпімен жазылады: praporshık (прапоршик), borsh (борш), ashshy (ашшы), keshshe (кешше);
э әрпі е әрпімен жазылады: ekstremızm (екстремизм), etap (етап), evakýasıa (евакуасиа), koefısent (коефисент);
ю әрпі ú (ү) әрпімен жазылады: absolút (абсолүт), debút (дебүт), prodúser (продүсер), valúta (валүта), búdjet (бүджет), búleten (бүлетен), kompúter (компүтер);
я әрпі á әрпімен жазылады: narád (нарәд), razrád (разрәд), grıláj (гриләж), бірақ и (ı) әрпінен кейін тұрған я-ның орнына а жазылады: polısıa (полисиа), akademıa (академиа), komýnıkаsıа (комуникасиа), jarıa (жариа), ınfeksıа (инфексиа);
жіңішкелік белгісі (ь) бар буынға жіңішке дауыстылардың әрпі жазылады: аlkogól (-diń, -i, -ge, -der) алкогөл (-дің,-і, -ге, -дер); álfa (-nyń, -ǵa) әлфа (-ның, -ға), álpınıs (-tiń, -i, -ke, -ter) әлпинис (-тің, -і, -ке, -тер);
-тч әріп тіркесімен аяқталатын сөздердегі т әрпі түсіріліп жазылады: skoch (скоч), skech (скеч), mach (мач);
-дж әріп тіркесі бар сөздерде д әрпі түсіріліп жазылады: menejer (менежер), kolej (колеж), бірақ búdjet (бүджет), lodjy (лоджы) болып жазылады;
-нг әріп тіркесі сөз соңында келсе, ń әрпімен жазылады: boýlıń (боулиң), brıfıń (брифиң), reıtıń (рейтиң), бірақ бір буынды сөздерде нг тіркесі жазылады: rıng (ринг), rang (ранг), sleng (сленг);
Ережеге енбей қалған, алайда ерекшелік ретінде қабылданған нұсқа: Асхат, асхана сөздері Asqat, asqana түрінде жазылады.
Біз жаңа әліпбидің емле ережесіне сәйкес жазылуын біршама қарастырдық. Енді осы жазудың дизайндық көркемдігі мен символдық өлшемі жөнінде бірер сөз. Бұл туралы ой алғаш рет 2018 жылдың 14 қарашасы күні латын графикасы негізінде жалпыхалықтық диктант жазу кезінде келді. Сонда жаңа әліпбимен тізбектелген сөздердегі әріптер кейде бойына қарамай сапқа тұрған солдаттардай, енді бірде өрімінің өлшемі өзгеше пішілгендей көрінген. Ал жолдардың арасы жиі жымдасып кететіндей әсер қалдырып еді. Неге? Сөйтсек, ол әліпбиде акутпен берілген 6 әріп – á (ә), ó (ө), ú (ұ), ǵ (ғ), ń (ң), ý (у) пен диграфпен берілген – 2 таңба sh (ш), sh (ч) қатар қолданылғанда және жиі қайталанғанда орын алады екен. Одан арылудың бір әдісі – акут санын қысқартып, у (ы) әрпін алмастыру. Kóńildi (көңілді), kózildirik (көзілдірік) немесе ýуldуryǵy (уылдырығы), qýуrshaǵy (қуыршағы), týysynyń (туысының), tyıylýу (тыйылуы), sharýashylyǵy (щаруашылығы) сөздеріне назар аударайықшы. Осы жазулардан қандай дизайндық көркемдік немесе символдық өлшем көріп тұрсыз? Араб жазуын айтпағанның өзінде, қазіргі кирил алфавитін тосырқамай толтырып, қалыбын қисайтпай, ғажап үйлесім тапқан төл таңбалардың (ә, ө, ұ, ү, ғ, қ, ң) тұрпатына қарасаң, көз тояды.
Әрине, «біткен іске сыншы көп». Бірақ біз ондай мақсат қойып отырған жоқпыз. Төл дыбыстарымыз жазу мен оқудың ыңғайлығын ығыстырмаса екен, латын емлесіне еркін сіңісіп, оны қолданған жас пен кәріні қатар сүйсінтсе екен дейміз. Яғни, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» мақалын жүз пайыз басшылыққа алатын тұс – осы. Томас Эдиссонның мақсатына жету үшін 10 000 рет қателескенін бүкіл әлем біледі. Әліпбиді өзгерту де оңай емес. Межелі 2025 жылға дейін уақыт жетеді. Халықтың қамы әсте қалт-құлт жасалмайды.
Бұдан шығатын қорытынды, ана тіліміз әлемге ортақ латын әліпбиімен қапысыз қарулануы үшін, тынымсыз еңбек пен іргелі ізденіс бір сәт те тоқтап қалмауы тиіс.

Қ.ЕЛМҰРАТОВ,
МТДБ бастығы