Жас полиция сақшысымен кездесу

ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы өз қызметін қашықтан оқыту нысанымен жалғастыруда. Тәжірибелік қызметкерді сабаққа қатыстырудың негізгі мақсаты — теориялық білім алып жатқан курсанттарға тәжірибелік бағыт-бағдар беру болып табылады.
Сол себептен 2021 жылғы 1 сәуір күні «Әкімшілік-құқықтық» мамандануы бойынша білім алып жатқан алғашқы арнайы курсының 1,2 оқу тобының тыңдаушыларымен өткен «ІІО әкімшілік құқықбұзушылық өндірісін жүзеге асыру бойынша практикум» пәнінің сабағына тәжірибелік қызметкер қатыстырылды. Түркістан қаласының полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Тағай Нұрдаулет Қуанышұлы тыңдаушылармен өз тәжірибелік білімімен бөлісті. Тыңдаушыларға өзі тікелей қызмет атқарып жүрген міндеттемелер және қазіргі таңда электрондық форматта жүргізіліп жатқан әкімшілік процестік тәртіп жайында айтып өтті. Жалпы әкімшілік полицияның құрылымын, негізгі бағыттарын, әр қызметтің ерекшелігін атап өтті. Қазіргі таңда тәжірибеде жиі кездесетін әкімшілік құқықбұзушылықтарды, қылмыстарды, жалпы қызметте туындайтын мәселелерді жеткізді. Тыңдаушылар мен тәжірибелік қызметкер арасында өзекті, қызық сұқбат жүргізілді. Білім алушылар өз болашақ мамандығы бойынша керек және пайдалы ақпарат алды. Кәсіптік денгейі жоғары қызметкер болу үшін міндетті түрде білім, отандық патриотизм және адалдық қасиеттері қажет. Кездесу соныңда тәжірибелік қызметкер тыңдаушыларға оқу барысында сәттілік, сабырлық, төзімділік, мықты денсаулық тіледі.

ІІО ӘҚ кафедрасының
аға оқытушысы,
полиция майоры
Д.Қалқаманұлы