Жастар және мемлекеттік тіл

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында биылғы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Жастар – қашан да елдің тірегі, қоғамның белсенді қозғаушы күші. Демек, тіл мен ұлттың болашағы да тікелей жастарға байланысты.
Бүгінде «мемлекеттік тіл – менің тілім» дейтін өзге ұлттың жастары баршылық. «Мемлекеттік тілді білу – азаматтық борышым» деп білетін бір топ жастар Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында да білім алып жүр. Олар: Вьюшкина Виктория Олеговна, Пряженникова Кристина Сергеевна, Махамодов Аброр Акбарұлы.
Орыс ұлтының өкілі – Виктория Қостанай академиясының 2-курсының курсанты. Ол – Солтүстік Қазақстан облысы, Ш.Уәлиханов ауданы, Ақбұлақ ауылында туған. Викторияның айтуынша, оның қазақ сыныбында оқуы әжесінің қалауы болған. Әжесінің тілегін Викторияның ата-анасы да қолдап, қазақ сыныбына баруына қарсы болмаған екен. Қазақ тілін үйрену басында қиынға соққандықтан, оған даярлық сыныбында қатарынан 2 жыл оқуына тура келеді. «Сыныпта бәріміздің мүмкіндігіміз тең болды, тапсырманы да бірдей деңгейде берді» деп Виктория сынып жетекшісінің талапшыл болғанын айтады.
Қазақ тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін білу қызықтырған Виктория түрлі кітаптар оқып, өз білімін толықтыра түседі. Соның арқасында оқуда үздіктер қатарынан көрініп, жыл сайын өтетін олимпиадаларға қатысып жүреді. 2015 жылы Алматыда өткен «KATEV» олимпиадасының жеңімпазы атанып, мектепті алтын белгіге бітіреді.
«Басқа бір тілдің өзіңе ана тіліңдей сіңісуі – қызық сезім. Адам міндетті түрде бірнеше тілді білуі керек, әйтпесе ол дамымайды. Әрбір Қазақстан азаматы ұлтына, туған тіліне қарамай қазақ тілін білуге міндетті, себебі ол қазақ халқының тарихи отанында өмір сүреді. Қазақстанда тұрып, өзге ұлт өкілі бола тұра, қазақ тілін білу көп мүмкіндіктерге жол ашады» дейді қазақтілді курсантымыз.
Болашақ тәртіп сақшысы – Пряженникова Кристина Қостанай академиясының 2-курсында оқып жүр. Ұлты – удмурт. Ел қауіпсіздігін сақтауға бел буған жас курсант Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының Кеңсахара ауылында туған. «Кеңсахара – қашаннан құт-береке дарыған, ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымағы жарасқан, көпке үлгі мекен», – дейді Кристина өз аулы жайында сөз қозғағанда.
Академияда мемлекеттік тілге қатысты арнайы өткізілетін түрлі іс-шараларға белсене атсалысатын Кристина қазақ тілін өз бетінше мектептегі жолдастарынан үйренген. Отбасында қазақ дәстүрлерін берік ұстанады. Удмурттар мен қазақтардың үлкендерді сыйлау, кішіге ізет көрсету сияқты салттарында да өзара ұқсастық бар екенін үнемі айтып жүреді.
Қостанай академиясының 3-курс курсанты Махамадов Аброр Акбарұлы Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Гүлістан ауылында дүниеге келген. Ұлты – тәжік. «Балдәурен балалық шақтан қазақ, орыс балаларымен араласып өстім, сол кезден қазақ тілін меңгере бастадым. Туып-өскен ауылымдағы Тұрсын-Заде мектебі тәжік тілінде оқытатын. Маған болашақта кең байтақ қазақ жерінде кез келген маман иегері болу үшін қазақ тілінде емін-еркін сөйлеу керек болатынын білген әкем мені 2006 жылы көрші ауылдағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ тілді мектепке оқуға  береді. Қазақ тілінде оқу маған ешқандай қиындық туғызған жоқ. Өзімнің талпынысым мен ынта-зейінімнің нәтижесінде қазақ тілінде жазып, сөйлеуді үйрендім» дейді Аброр.
Қазақтың даналары Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаевтың өлең, шығармаларын сүйіп оқитын Аброр мектепті үздік бітірген. Нағыз тартысқа толы көкпар ойынын ұнататын ол кез келген істе шыдамдылық пен жігерлілік таныту адамды мақсатына жеткізетінін алға тартады.
«Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев атамыз жырлағандай мемлекеттік тілді өз ана тіліндей меңгеріп жүрген жастарымызға сенім білдіріп, болашақтарынан зор үміт күтеміз.

Мемлекеттік тіл бөлімшесінің инспекторы
Б. Жомартқызы