Ескіні есіркемей жаңашылдыққа бастамас

2019 жылдың 29 қарашасында ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қабырғасында  ғылыми және педагогикалық магистратураның магистранттарымен Қостанай мемлекеттік университетінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмас Ахметұлы Әбсадықпен «Ескіні есіркемей жаңашылдыққа бастамас» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шара барысында Рухани жаңғырудың маңызы мен мақсаты санасы сау, тарихын танитын, революциялық емес эволюциялық дамуды қолдайтын, әмбебап, жаңалыққа құштар, білімдар қоғамды қалыптастыру екендігі айтылды.
«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» — деп Абылай хан айтқандай, біздің ендігі мақсатымыз білім мен ғылымның тура жолына бастау.
Сонымен қатар, тарихи ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңарып жатқан жаңа дүниенің жағымды жақтарын бойымызға сіңіріп, дамыған 30 елдің қатарына енуге әр азамат өз үлесін барынша қосу керек екендігін алға тартты. Рухани жаңғыруымыз жаңғырық болып қалмас үшін, тұжырымды ойлардан, тағылымды тәрбие алып, ісімізден нәтиже шығаруымыз керек. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар өз жалғасын табады да сенемін.

Магистратура бөлімі