ЕРЛІКТЕРІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАҚ ЕМЕС

Мен бүгін сіздерге өзімнің аталарым жайында айтқым келіп отыр. Менің әкем Суйеубаев Мырзалы 1938 жылы туып, өз әкесінен ерте айырылған. Өйткені сұрапыл соғыс жасты да, кәріні де, анасы мен баланы да аямады. Анасы екі ұлымен күйеуін соғысқа аттандырып қала берген. 1941 жылы атамыз Ермаш соғысқа аттанып, поляк жеріне дейін соғысып, денсаулығының жарамсыздығына байланысты соғыстан үйге қайтарылған. Атамыз үйге оралып көп ұзамай қайтыс болады.
Ол соғысқа алынғаннан кейін көп ұзамай, әкемнің үлкен ағасы 1925 жылы туылған Суйеубаев Мырзабай Меңдіқара аудандық әскери комиссариатынан соғысқа алынған. 22 танкіге қарсы артиллериялық батальонының жауынгері болып, 1944 жылы 5 апрельде қаза тапқан. Соғыс жауынгерлерінің «Мемориал» базасында ол туралы Украина ССР, Львов облысы, Бродовский ауданы, Гаи-Старобродские селосының солтүстік-батыс жағында жерленген деген деректер сақталған.
Аталарымыздың естелік суреттері қалмаса да, біздер үшін ол әрқашан батыр болып қалады. Олар менің балам деп емес, менің елім, жерім деп, Отаны үшін жанын құрбан етті. Бүгінгі бейбіт өміріміз осындай кісілердің арқасы, ол үшін барлық ардагерлерге мың алғысымызды білдіреміз. Қасық қанын төгіп, бізге бүгінгі ашық аспан сыйлаған батыр аталарымыздың жатқан жері жайлы болсын. Ұрпақтары сіздердің алдарыңызда басын иіп, құрмет тұтады.

Немересі, қылмыстық құқық және
жазаны орындауды ұйымдастыру
кафедрасының аға оқытушысы
полиция подполковнигі
З.Суйеубаева