Достық үйінде домбыра күні аталып өтті



Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра демекші, осы 2019 жылдың 5 шілдесінде Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен Достық үйінде ұлттық мәдениет күні, домбыра күні және Астана күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс — шара болып өтті. Бұл іс — шараға Академия атынан 102 топпен атсалысып тамашалап қайттық.
Домбыра — бұл қазақ ұлтының төл аспабы, домбыраның жарықтық үні әлі күнге дейін өзгермеген, өзгермейді де. Осындай керемет рухани құралымыз барын біз қазақ әрқашан мақтан тұтып, әрдайым домбыра үнін жаңғыртып жүруіміз керек.
Аталған іс- шарада әртүрлі ұлттық киімдердің және домбыралардың көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық тағам түрлері қойылды. Бұл көрмеге Академия мұражайының жәдігері Шырақбек Қабылбаевтың домбырасы қойылды. Ол домбыра Мұхтар Әуезовтің өзі жасатқан, өз қолымен ойнаған домбырасы басқа домбыралардан өзгеше. Сыры да бөлек, жыры да бөлек. Көрмеде домбыраға қызығушылық білдірушілер көп болды.
Іс — шара барысында көпшілік қауым Академия курсанттарынан бұйымтай сұраған болатын. Курсанттар арасынан қаймықпай 102 топ курсанты, полиция қатарындағы Аманжолов Дарын суырылып шығып, «Адай» күйін құйқылжыта ойнап берді. Көпшілік дән ризашылығын білдірді. Басқа да ұйымдардың жезтаңдай әншілері мен мың бұралған бишілер де қалыс калмай, өз өнерлерімен тәнті етті. Іс — шарада ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы алғыс хатпен марапатталды. Іс — шара жоғары деңгейде тамаша аталып өтті. Іс — шараны ұйымдастырушылар көпшіліктің ыстық ықыласы мен ризашылығына бөленді.

Мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының
аға оқытушысы
полиция майоры
Д.Карымсакова