Бітімі бөлек, білігі биік тұлға

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шырақбек Қабылбаевтың туғанына 113 жыл толады. Ол 1908 жылы 9 наурызда бұрынғы Семей облысының Абыралы ауданындағы Қарашоқы деген жерде дүниеге келген.
Бар саналы ғұмырын құқық қорғау органдарындағы қызметке арнаған Шырақбек Қабылбайұлы екі рет (1954-1959 және 1967-1973 жылдары) Қазақ КСР Ішкі істер министрі лауазымында қызмет атқарды. Еліміздегі құқық қорғау органдарының, оның ішінде ішкі істер саласының қалыптасып дамуына, осы жүйеге кәсіби мамандар даярлайтын оқу мекемелерін ашуға зор үлес қосты. Оның қатарында біздің оқу орнымыз да бар.
Қазақстан Республикасы ІІМ еңбек сіңірген қызметкері ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденовтің: «Шырақбек Қабылбаев – ішкі істер органдарының қара нары іспеттес тұлға болған» дейтін тұжырымы көп нәрсені аңғартады. Себебі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, одан кейінгі Қаныш Сәтпаевтар секілді Шырақбек Қабылбаев та өз дәуірі туғызған және сол алмағайып тұстың ауыр жүгін межелі жерге қарай сүріне-қабына сүйреген алыптардың қатарынан.
Шырақбек жасады деген ерлік істер мен азаматтық ұстанымдар өте көп. Соның бірі – Мұқтар Әуезовке жала жабылып, басына қауіп төнгенде, өзіне кесірі тиюі мүмкін екенін біле тұра, шыр-пыр болып арашалап қалуы. Мұндай қатерлі іске ол кезде екінің бірі бара бермегеніне тарих куә.
Оған тән тағы бір қасиет, ол шығармашылыққа өте жақын адам болған. Достары, қадір тұтып, сыйласатын айналасындағы жандардың көбін ақын-жазушылар мен ғалымдар, жалпы өнер саңлақтары құраған. Өзі де ұзақ жылғы жауапты қызметтен қолы босап, құрметті демалысқа шыққан соң, қалам алып, өткен өмірден үлкен баян бастайды. Бірақ көз көріп, көңіл түйген ойды, замананың соққан желімен сан төңкерілген тарихты толық тарқатып үлгере алмайды. Бұл, ең алдымен, кешегіні кезіп, бүгінге жарайтын дерек теретін тарихшылар үшін, қала берсе, құқық, заң саласының бұрынғысынан мағлұмат алғысы келетін зерттеушілер үшін үлкен өкініш болды.
Қазақ елінің ішкі істер саласын сындарлы сәттерде басқарып, өлшеусіз үлес қосқан арда азамат 1976 жылы 68 жасында дүниеден озды. Алайда, халқына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін танытқан оның есімі мәңгі сақталып қалды.

Құрбанәлі Елмұратов,
ІСКБ бастығы