«Бір ел – бір кітап»

«Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана, әрбір жан өзін
интеллегент бола бастадым деп санауына болады»

Мұхтар Әуезов

 

Шынымен де, кітап арқылы адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинайды және оларды ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдырады. Кітап — барлық білімнің басын бір жерге тоғыстырып, кез-келген сәтте көмекке келетін ерен күш, білімді жетілдіріп, жан-жақты ізденіп, тіл байлығын дамытып, саналы да, білімді адам болу үшін таптырмайтын баға жетпес құндылық.
Кітап арабтың «жазу» деген сөзінен шыққан. Ол тарих шежіресі, оқу тәрбие құралы болып табылады. «Оқымасаң ой тоқырайды» деген сөз кітап оқымағанның ойы таяз, санасы төмен,өмірі қараңғы болатынын дәлелдейді.

2019 жылғы 20 қыркүйек күні «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында «Южный» қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлттық рухты жаңғыртқан» атты әдеби сағат өтті. Іс-шараның мақсаты ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу. Іс-шара барысында кітапхана қызметкері
Ш. Абильтаева «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы бойынша биылғы жылы  Қазақстанның екі көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы мен Әбділда Тәжібаевтың өмірі, шығармалары туралы жалпы мәлімет берді.

«Бір ел – бір кітап» акциясы Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапханасы мен  Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. «Бір ел – бір кітап – 2018» республикалық акциясы бойынша былтыр Республикалық акциясының тарихында бірінші рет жалпыхалықтық оқуға бір емес үш бірдей кемеңгер жазушыларымыздың шығармалалары таңдалды. Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары таңдап алынды. Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы Қазақстанның екі көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы мен Әбділда Тәжібаевтың  өлеңдері жалпы оқуға ұсынылды.

Әдеби кешке қатысқан 302 оқу тобының курсанттары Н. Жанарбек пен Ж. Жексентай Әбділда Тәжібаевтың «Сырдария», «Жастық туралы» өлеңдерің оқыды. Сондай-ақ, кеш қатысушыларына «Өмір жолы», «Абыз аға, Әбіш аға», «Әбіш мәңгілік» бейне-сюжеттері көрсетілді. Кеш соңында курсанттар «Ұлтымыздың рухани ұлы тұлғасы» атты тақырыптық сөредегі кітаптармен танысты.

302 оқу тобының кураторы
полиция капитаны
В. Касенова