Білім шыңына ұмтылған жастар

Ішкі істер органдары әкімшілік қызмет кафедрасының оқытушылары полиция подполковнигі Б. Ильяс пен полиция капитаны А. Әбдәлінің ұйымдастыруымен «Білім шыңына ұмтылған жастар» атты сайыс өтті.
Сайыстың мақсаты – курсанттар мен тыңдаушылардың алған білімдерін тексеру және ақпарат алмасу болып табылды.
Сайысқа Қостанай қаласы Оңтүстік ПБ ЖПҚб УПИ полиция лейтенанты Ә. Борамбаев, полиция қатарындағы 4-курс курсанты Б. Халенова, ІІО әкімшілік қызмет кафедрасының оқытушысы полиция капитаны А. Әбдәлі, ІІО әкімшілік қызмет кафедрасының кабинет бастығы полиция лейтенанты А.Сарлыбаева қазылық етті.

Білім жарысына алғашқы кәсіби даярлық курсының 1-оқу тобы тыңдаушылары мен 401, 403-оқу топтарының курсанттары қатысты. «Мерген», «Қол кісен және дубинка» сондай-ақ «Қол кісен» атты командалар үш кезең бойынша бақ сынасты.
Бірінші кезеңде әр топ өздерін таныстырып, дайындаған ұрандарын ортаға салса, екінші кезеңде командалар қабырға газеттерін қорғап, арнаулы құралдың белгілі бір түрі туралы мағлұматтарға тоқталды. «Мерген» командасы Калашников автоматы мен Макаров пистолетінің техникалық сипаттамасын түсіндіре кетсе, «Қол кісен және дубинка» командасы таяқша мен қол кісен туралы қызықты мәліметтермен қоса, қол кісендерді тәжірибе жүзінде қалай қолданылатынын көрініс түрінде көрсетті. Соңғы шешуші сәт үшінші кезеңде топтарға экранда жасырылған ұяшықтардан сұрақтар қойылды. Қойылған сұрақтар ішкі істер қызметкерлерінің атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдар мен дене күшін қолдануы тақырыбын қамтыды. Бұл кезеңде курсанттар мен тыңдаушылар әкімшілік қызмет пәнінде алған білімдерін ортаға салды.

Сайыстың қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен 1-орынды 401-оқу тобынан құралған «Қол кісен және дубинка» командасы, 2-орынды 403-оқу тобынан құралған «Қол кісен» командасы иеленсе, 3-орын алғашқы кәсіби даярлық курсының 1-оқу тобы атынан шыққан «Мерген» командасына бұйырды. Барлық қатысушылар марапат қағаздармен және сыйлықтармен марапатталды.

Абзал ӘБДӘЛІ
ІІО әкімшілік қызметі
кафедрасының оқытушысы
полиция капитаны