Болашақ Жас Ұландар!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бұл – шын мәнінде, ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Жоба қоғамның барлық саласын толығымен қамтиды. Осы ретте, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, жас ұрпақтың бойында патриоттық, отансүйгіштік, адамгершілік, қайырымдылық сезімдерін тәрбиелеу мақсатында, 2019 жылдың 17 мамыр күні Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының алаңында «Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің Балалар шығармашылығы мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жас Ұлан» РББЖҰ Қостанай филалы «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» республикалық бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымы қатарына қала мектептерінің ең үздік оқушыларын қабылдау салтанатты рәсімі өткізілді.
«Жас Ұлан» ұйымының тарихына көз жүгіртсек, 2011 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының бастамасымен аталған қоғам құрылды. Осы жылдан бастап міне, сегіз жыл бойы «Жас Ұлан» ұйымына қабылданған балалардың қатары көбейіп, жас ұрпақтарға арналған бірқатар қомақты іс-шаралар жасалуда. «Жас Ұлан» ұйымының жеті бағыты бар. Соның бірі – «Отан»! Отанға, туған жеріне қызмет ету, оның тарихын, мәдениетін, тілін құрметтеу, өз Отанының патриоты болу.
Аталған салтанатты іс-шараға Академияның басшылығы, қызметкерлері, курсанттары, Қостанай қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 250 –ге жуық 5-9 сынып оқушылары қатысты.
Құттықтау сөздер Қостанай академиясының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекеновке және Қостанай қаласының Балалар шығармашылық мектебі директорының орынбасары Гульжан Баишеваға берілді. Олар Академия алаңында көздері жайнап, күлімдеп, қуанышқа толған балаларға өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Академия курсанттары балаларға дзюдо, қазақша күрес, самбо спорт түрлерінен өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар жасұландықтар мен жасқырандықтар да өлең айтып, би билеп, флэшмоб көрсетті.
Іс-шара барысының қуанышты бір сәті, «Жас Ұлан» және «Жас қыран» ұйымына жаңа қабылданған балалардың мойындарына Қостанай академиясының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекенов, Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Каппасов, «Жас Ұлан» Қостанай қалалық кеңесінің көшбасшыларымен белсенділері жасұландықтар мен жасқырандықтардың мойындарына көгілдір түсті галстуктер байлады. Баршамызға белгілі көгілдір түс молшылықты, жан тыныштығын, татулық пен бірлікті білдіреді.
Мойындарына байланған галстуктерімен жасұландықтар мен жасқырандықтар салтанатты түрде Ант қабылдап, «Жас Ұлан» гимні орындалды. Сонымен қатар жыл барысында «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымының балаларымен шығармашылық, тәрбие беру жақтарынан белсене жұмыс жасап, «Ел шырайлысы — 2019» сайысының қорытындысы бойынша жүлделі орындар иеленген қызметкерлер мен тәлімгерлер, басшылар грамота және алғыс хатпен марапатталды.
Соңында, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант (ІІ рангілі ішкі қызмет генерал-лейтенанты), ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевқа арналған ескерткіштің қасында естелікке суретке түсті. «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылданған балаларға халқымыздың қалаулы азаматы, елінің патриоты болуларыңызға тілектеспіз. Нұр үстіне нұр жаусын!

Баспасөз қызметінің хатшысы
О. Уақпаева