Болашақ – жастардың қолында!

Жемқорлықпен күрес бір күндік жұмыс емес. Жемқорлық, парақорлық құбылысымен үнемі күресу қажет. Жемқорлықтың қоғамға, мемлекетке қауіптілігін әрбір адам түсінеді, алайда осындай әрекеттерге жол береді. Ол күнделікті өмірде кездесіп отырады. Әр адам өзін-өзі тәрбиелеу, тежеу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра алады.

9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған дөңгелек үстел жұмысына ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қылмыстық құқық және жазаны орындауды ұйымдастыру кафедрасының аға оқытушысы полиция подполковнигі З.М. Сүйеубаева және Академия курсанттарының қатарынан құрылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастар бастамасы» клубының мүшелері қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының ережелері мен енгізілген өзгерістері, жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік, жемқорлық құрбандары жайында мәселелер талқыланды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық үшін қатаң жазалар тағайындау қажет деген пікірлер де айтылды. Алайда қазіргі таңда халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қатаң жаза айтарлықтай нәтиже беріп отырғанын көрмейміз, сондықтан мемлекетіміздің жемқорлыққа қарсы күресте алдына қойып отырған негізгі мақсаты  жастар арасында, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

ҚҚжЖОҰ кафедрасының аға оқытушысы
полиция подполковнигі
З. Суйеубаева