АҚТАЛҒАН ЕРЕН ЕҢБЕК!

Қазақ халқы үшін қиын да сұрапыл бастан кешкен аласапыран замандар аз болмаған. Сондай дүрліккен ауыр мезгілдерде елі үшін еміреніп, жері үшін жауға аттанған батыл да қайсар ержүрек ата-бабаларымыз, аға-апаларымыз болғанын мақтанып айта аламыз. Осындай бабаларымыздың жасаған еңбектері мен ерліктерін қандарына сіңірген жас ұрпақ бүгінде азат елдің құшағында білім алып, өсіп, жетіліп келеді. Сондықтан да қазіргі таңда еліміздің терезесі шетелдермен теңесіп тұр деп ұялмай айтуға құқылымыз.
Сондай-ақ күні бүгін де елім, жерім деп жүректерінде от жанып, тынбай еңбек етіп, елінің ертеңіне алаң болып, еліміздің дамып, өркендеуіне үлесін қосып жүрген аға буын және де жастарымыз аз емес. Тек білім мен ғылымды ғана емес, сонымен қатар «ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас» дегендей спортты да қатар алып жүрген шәкірттеріміз кез келген ата-ана мен жаттықтырушылардың мақтанышы ғой!
Жастарын патриоттық сезімге тәрбиелеп келе жатқан Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшылығы мен ұйымшыл ұжымы өзінің жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Болашақта қылмыскерлерді ұстау мен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін курсанттарға қолданбалы спорт түрлерін үйретуде. Соның ішінде спорттық самбо мен жауынгерлік самбо негізгі қолданыста.
Оқу жылы басталмай жатып, жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының аға оқытушысы, полиция майоры Ержан Айтбайұлы Кабидуллинов мен оқытушы, полиция лейтенанты Руслан Тұрсынұлы Құтымбаев аймағымыздың іріктеу жарыстарында ел чемпионатына жолдама ұтып алған курсант спортшылармен бір айға созылған оқу-жаттығу жиынын өткізген болатын. Сол себепті де Қостанай облысының жауынгерлік самбо құрамасының тоқсан пайызын Академия курсанттары құрайды, осыған байланысты оқу-жаттығу жиыны Академия қабырғасында бастау алды.
Ал, кеше ғана 20-22 қазан аралығында Теміртау қаласында жауынгерлік самбодан өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты палуандар үшін бір сынақ болды. Алайда бұл сынақтан сүрінбей, өздерінің мықтылығын дәлелдеген курсанттарымыз көптеген жетістіктерге жетіп, құрмет тұғырынан табыла білді.
Олардың қатарында 82 келі салмақ дәрежесінде бас жүлдені қанжығасына байлап, ҚР спорт шебері атағын Аңсарбек Галимов иемденді. Күміс жүлдені 48 келіде Дінмұхамед Мәлік және 62 келіде Темірхан Саримсаков қанжығасына байлады. Қола жүлде иелері атанғандар: 48 келіде Шахзат Айтбай, 57 келіде Ғасырбек Бәшір, 62 келіде Бекжан Галибеков, 74 келіде Асат Нурпейсов, 82 келіде Бақдаулет Жарқынбек және 90 келіде Жұмахан Седірахманұлы.
Аталмыш сайыста топ жарып, жүлделі орындарға қол жеткізген дарабоз курсанттарымыз осы сайысқа қатысуға мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткен Академия басшылығына және де хас тұлпардай шынықтырып, жаттықтырған бапкерлері Ержан Айтбайұлы мен Руслан Тұрсынұлы ағайларына шын жүректен алғыстарын айтады.

Жауынгерлік және дене дайындығы
кафедрасының ұжымы