АҚЖАРҚЫН, МЕЙІРІМДІ ЖАН……..

Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел-өмірдің мәні, тіршіліктің сәні емес пе. Олардың қоршаған ортада алатын орны ерекше. Осыған орай, әйел алдымен отбасының ұйытқысы, ең бастысы «ана» деген киелі ұғымның иегері сұлулық пен нәзіктіктің символы. Олай болса, бүгін міне, Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында көңілі ақ жарқын, өз ісінің кәсіби маманы, еңбекқор және мейірімді жан – Роза Мусақызы Нұрханова ханым туралы сыр шерткім келеді.
Роза ханым 1958 жылы 21 қарашада Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келді. Амангелді ауданындағы Амангелді орта мектебін бітіріп, 1975 жылы Амангелді ауданының аудандық кітапхана оқу залының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Меңгеруші қызметінен кейін машинист – хатшы және оқытушы болып қызмет атқарады. 1978 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына оқуға түсіп,
1987 жылы Арқалық педагогикалық кітапханасына кітапханашы болып қызмет атқарады. Бірнеше жылдар бойы Арқалық қаласында тұрып, қызмет атқарып, 2003 жылдың 2 қаңтарының айынан бастап Қостанай заң институтының типографиясына баспашы болып жұмысқа орналасады. Жұмысына тиянақты, еңбек сүйгіштігін байқаған, қазіргі таңда педагогика ғылымының докторы, профессор, отставкідегі әділет полковнигі Наталья Павловна Ким Роза ханымды, сол уақытта жаңадан ашылған библиограф лауазымына ұсынады. Осылайша, оқу ордасының кітапханасында библиограф лауазымы пайда болады. Роза ханым осы лауазымның мақсаты мен міндеттерін, жоспарларын құрастырып, оқу орнында профессорлық-оқытушыларға, курсанттарға және магистранттарға білімдерін одан әрі шыңдау үшін, бұқаралық ақпарат құралдарынан, оқулықтардан жинақталған құжаттармен жұмыс жасауды қолға алып, білек сыбана жұмысына кірісіп кетеді. Роза ханымның өз жұмысына деген белсенділігінің және құштарлығының арқасында білім ордасының профессорлық-оқытушылар құрамына, курсанттар мен магистранттарға ғылыми зерттеу жұмыстарына, баяндамаларына тағы да басқа материалдарын кеңінен қарастыруы бірқатар жеңіл болды.
Күні бүгінге дейін, Роза ханым осы лауазымда қызмет атқарып, әріптестерінің арасында сыйлы және құрметті жан.
Жұмысында Роза ханым еңбекққор жан болса, отбасында адал жар, аяулы ана, қадірлі ене. Ұл өсіріп, келін түсіріп, Нұргүл және Ерлан есімді екі балаға жақсы тәлім-тәрбие берді. Балаларына жоғары білім беріп қана қойма, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жан. Бүгін, қызы – Нұргүл Астана қаласының медициналық университетін бітіріп, ғылыми – зерттеу орталығында дәрігер болып қызмет атқарады. Ұлы – Ерлан Қостанай облысының ІІД қызмет атқарады. Арсен, Азат, Ескендір атты немерелерін тәрбиелеуде.
Роза ханымның еңбек өтілі 40 жылдан астам, оның ішінде кітапхана саласында 27 жыл. Бүгін міне, Роза апайымыз 60 жасқа толып отыр.
Кітапхана меңгерушісі Сания Жиентаевамен сұхбаттасу кезінде, Роза Нұрханова ханым әріптестерінің арасында сыйлы, құрметке ие, ісін жетік білетін, өз ісіне мінсіз адал жан және өте қарапайым. Білім ордасында ғылыми жұмыспен айналысып жүрген қызметкерлердің жақын көмекшісі деуге болады.
Бүгінгі күні кәсіби шеберлік, кез-келген маманның қоғамдағы сұранысы мен орнын анықтайтын басты ұстаным. Әр маман иесінің қызмет көрсету деңгейі ең әуелі қызметкерлердің кәсіптік деңгейімен анықталады. Елбасымыз Н.Назарбаев «Кім кітапты көп оқыса, сол интернетте отырғандарды басқаратын болады» деген болатын. Сондықтан да Роза ханым сияқты білікті маман болу үшін, болашақ жастарымызға әрқашан ізденіс үстінде болыңдар, – деп, Сания Қайрашқызы сөзін аяқтады.
Бүгін библиографтың еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып-өркендеуіне қажет әрі маңызды мамандық деуге болады. Себебі, олардың бұқаралық ақпарат құралдарынан жан-жақты жинақтаған әр материалдары, болашақ жастар үшін, олардың білімдерін кеңінен игеруіне көп көмек көрсетілуде.
Қазіргі таңда, Роза Нұрханова оқу орнының курсанттарын кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеп, олардың таңдауына сай оқулықтарды іріктеуге көмек көрсетіп, оқуға деген ынта ықыластарын көтеріп, жан-жақты көмек беруде.
Роза ханымды 60 жас мерейтойымен құттықтап, полиция қатарындағы 4 курс курсанты Думанжан Тұрсынбай мынадай өлең шумақтарын тарту етеді.

Роза апай, туған күнің құтты болсын,
Нұрлансын күнің, өмірің гүлге толсын.
Әрдайым ойнап – күлші, аман жүрші,
Мәңгілікке басыңа бақыт қонсын.

Сіздей тұлға өмірде бірен саран,
Қызметте аянбай барын салған.
Еңбегіңді ешқашан ұмытпайды,
Академия Шырақбектің атын алған.

Хақ Тағала Жамбылдың жасын берсін,
Ұлы тұлға Абайдың басын берсін.
Немерелер, шөберелер көп болып,
Еркелеп келіп әжетай жаным десін.

Роза Мусақызы!

Сізді, Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшылығы, профессорлық – оқытушылар құрамы, Ардагерлер кеңесі, әріптестер мен қызметкерлер 60 жас мерейлі туған күніңізбен құттықтаймыз!
Өміріңіз қашан да көктемдей жарқын әрі шуақты, жаздай жылы әрі жайма шуақ болсын! Зор денсаулық, ашық аспан, қажымас қайрат тілейміз. Айналаңыз қуаныш пен шаттыққа, бақыт пен табысқа, шат күлкі мен махаббатқа, мейірім мен қамқорлыққа толсын! Әр сәт сізге тек қуаныш сыйласын!

Баспасөз қызметі
Орынбасар Уақпаева