Ағаш отырғызу – атадан қалған мирас


Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалған дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Экологияны жақсартып, қоршаған ортаны қалыптастыруға әсер етеді. «Еліңнің  ұлы болсаң, еліңе жанын ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып көркеюі үшін еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа» — деп Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев ескерткендей, Қостанай академиясының ұжымы да жеріміздің көркеюіне елеулі үлес қосып келеді.

Атап айтқанда, ағымдағы жыл ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының тарихы үшін атаулы жыл болып отыр. Олай дейтініміз биыл біздің оқу ордамызға 50 жыл толмақ. Қазақстан халқының бірлігі, ынтымақтастығы күнімен ұштаса келген осындай сауапты іс білім ошағында жүзеге асты. «Істің басы – ниет» демекші, ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болады. Осылайша, оқу ордамыздың 50 жылдығына орай, Академия аумағына 50 түп ағаш отырғызылды. Бұл игі іске Академияның жеке құрамы мен бір топ ардагерлері, отставкадағы полковниктер: А.С.Қоманбаев, Б.М.Балотских, А.С.Сметановский, И.В.Слепцов, С.В. Корнейчук, Е.К.Мұқажанов, Б.Б.Мұқажанова атсалысып, ортақ мақсат жолында ынтымақтаса әрекет етті. Оның арасында Мұқажановтар әулиеті  өз отбасының атынан көшет отырғызып, белсенділік танытты.


Иә, ел мен жер, оның көгілдір орманы мен мөлдір көлдері, байтақ даласы мен асқақ таулары — біздің басты байлығымыз. Табиғатты қажетімізге мейлінше пайдаланумен бірге оны таза, көркем етіп сақтап қалу, бүгінгі ұрпақ – біздің міндетіміз.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын…» бұл бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті. Халықтың денсаулығы мен ұрпақ болашағына, туған жерінің көркеюіне үлес қосу — әрбір азаматтың борышы. Біз де бүгін азаматтық борышымыздың бір кірпішін қалап, жеріміз бен еліміздің көркеюіне бірлесе үлес қостық.

Ішкі және сыртқы коммуникациялар
инспекторы П.Жұмабек