Ардагерлерді ардақтайық!!!

Курсанттар мен жас офицерлерді шыңдау мақсатында  IIM Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында адамгершілік – патриоттық тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығын сақтау аясында 2019 жылдың 4 қарашасында педагогика және психология кафедрасы Академияның ардагерлерімен кездесу өткізді. Педагогика және психология кафедрасының бастығы, полиция полковнигі А.М. Таукенова келген қонақтарды жас мамандармен таныстырып,  қазіргі оқу жағдайындағы инновациялық әдіс-тәсілдерге және курсанттардың жай-күйіне тоқтала кетті. «Қонақ  келсе – құт» демекші, біздің кафедрамыздың төріне, кафедраның алғашқы басшыларының бірі – әділет полковнигі Е.К. Курманов, әділет подполковнигі Е.К. Кудебаев және кафедра бастығының орынбасарлары полиция подполковниктері Т.А. Волошина мен Б.Т.Абдықалықов келді.

Кездесу барысында ардагерлеріміз полиция саласындағы болған оқиғаларға тоқталып, қиыншылықтары мен қуаныштары туралы айтып берді.  Бұл кісілер де полиция қызметкері болуды армандап, сол мақсатқа  жету үшін өмірдің қиындықтарын мұқалмай  жеңген ардагерлер.
Әрине, әр азаматтың өз Отанының алдындағы қасиетті парызы – өз еліне адал қызмет ету. Барлық полиция қызметкерлері заңда және әскери жарғыда белгіленген тәртіп пен ережені бұлжытпай дәл сақтауға, психологиялық тұрғыдан мықты болуға міндетті, сонымен қатар әскери жауынгерлік қабілеті мен дайындығының жоғары дәрежеде болуын қамтамасыз ету негізгі шарттың бірі екенін ұғыну керек.
Педагогика және психология мамандығының 3-курс курсанттары келген қонақтарға және басқа да қатысушыларға жан — жақты сұрақтар қойды. Педагогика және психология мамандығы бойынша оқитын курсанттар осы саланың ардагерлерін  мақтан тұтып, олардың істерін жалғастырып, келер ұрпаққа жеткізуге дайын екендігін жеткізді!

Педагогика және психология
кафедрасының оқытушылары
Е.Толыкпаев, А.Оразов