АЛҒАШ РЕТ ҚАДАМ БАСҚАН БЕЛДЕСУ, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ НҰРЫН ШАШҚАН КЕЗДЕСУ

Ағымдағы жылдың 14-16 ақпанында Меңдіқара ауданының Боровской ауылында алғаш рет белбеу күресінен ел чемпионатына аймағымыздың намысын қорғайтын палуандарды іріктеу және де «БІЗДІҢ БАЛАЛАР» атты қайырымдылық акциясы негізінде Азаматұлы Эмирхан Шаймерденовке қолдау көрсету мақсатында дүбірлі дода өтті.

Бұл іс-шараның негізгі түп төркіні «жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген дана халқымыздың асыл сөзін негізге ала отырып қол ұшын созу болатын. Дәл осындай ниетпен өткен жарысқа аймағымыздың әр түкпірінен 9 командадан алпысқа жуық спортшы қатысты. Соның ішінде Академиямыздың қызметкерлері мен курсанттары өз өнерлерін боз кілемде көрсетумен қатар төрешілік қызметін атқарды.

Жарысқа спортшылардың жеңіске деген ұмтылысын арттырып, жарыстың қызығын арттыра түсу үшін атымтай жомарт ағаларымыз қолдау көрсетті. Өзінің әккі әдісі және көркем күресі өнерімен көрермен көзайымына айналған палуандарымызға Меңдіқара ауданының «БІРЛЕСУ» шаруа қожалығының бастығы Жакупов Еркебұлан Аманжолұлы және де «ҚАРҚЫН» ЖШС агрофирмасының бастығы Буканов Еркен Сайранұлы өз аттарынан ерекше сый-сияпаттарын табыс етті. Өткен жылдың нәтижелеріне байланысты белбеу күресінен әлемдік және еліміздің деңгейінде топ жарып, өңірімізде осы спорттың дамуына үлес қосып жүрген спортшыларымызға Қостанай облысы белбеу күресі федерациясының президенті Веклич Анатолий Ивановичтің арнайы тапсырысымен қыш құмыра үлгісінде жасалған ерекше сыйлықтары табысталды. Ұйымдастырушыларымыздың ізгі ісінің ізіне қосыла отырып, жеңімпаздарымыз бен құрметті қонақтарымызға және де қайырымдылық акциясы негізінде өткізілген жарысымызға қолдау көрсетіп, қатысушыларға тегін дәмді өнімдерін таратқан бас демеушіміз «Добрый пекарь» ЖШС-не шын жүректен алғысымызды білдіреміз.Мұнымен қоса, 2019 жылдың нәтижесі бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің куәліктерін спортшыларымызға табысталды. Атап айтсақ, ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанты Бәшір Ғасырбекке және Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ студенті Жаңбыршы Әділетке ҚР спорт шебері, ал Сапиев Рахмет Шұғайұлына ҚР спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді.
«Ер шешуде, нар кешуде сыналар» демекші, жарыстың да басты мақсаты шын мықтыны анықтау еді. Академия курсанттары да тұғыр биігінен көріне білді. Дәлірек айтсақ, бастапқы даярлық курсының тыңдаушылары Серік Жұпар және Кусабаева Самал топ жарып, жарыс жеңімпазы аталса, Кемелбеков Мұхит ақтық сында қарсыласына жол беріп, күміс жүлдені місе тұтты. Сондай-ақ Сағатов Айбын, Сұлтанбек Райымбек және Абу Бейбарыс қола жүлдені қанжығаларына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлеріміз алдағы уақытта Қостанай қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына дайындалу мақсатында белбеу күресінің аға жаттықтырушылары Әділ Ермағамбетов пен Тоқтар Жиентаев сынды бапкерлерімізбен бірге оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізетін болады. Облыс құрамасы қатарына қосылған курсанттарымыз ел чемпионатында аймағымыздың айбынын асқақтататынына сенімдіміз.

ДШД кафедрасының аға оқытушысы
полиция майоры
Е.Кабидуллинов