Академия қызметкерлері жаяу патрульге шықты

Елімізде коронавирусқа  байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы  қашықтықтан білім беру құралдары арқылы онлайн форматында оқытуға көшкен болатын.  Сонымен қатар Академия басшылығы, жеке құрамы және профессорлық – оқытушылық құрамы тек қана курсанттарға қашықтықтан оқыту форматында білім беріп қана қоймай, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6697 әскери бөлімінің, Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті күзету бағытында жаяу патрульге шығуда.
Жаяу патрульге шығудың мақсаты – көшелерде, аулаларда және қоғамдық орындарда азаматтардың қозғалысының заңдылығын қадағалау. Олардың үйден шығу себептерін сұрап анықтайды, төтенше жағдайлар кезіндегі режимді қатаң сақтауға шақырады, карантин жағдайы кезінде жасалып жатқан барлық шаралардың халық үшін жасалып жатқандығын түсіндіреді. Сондай-ақ, күнделікті патрульге шыққан қызметкерлер оларға сеніп тапсырылған аумақтың периметрін қадағалап, барлық жағдайларды көз алдарынан таса қалдырмауы тиіс.  Осылайша Академия басшылығы, жеке құрамы мен профессорлық-оқытушылық құрамы тек қана білім беру саласында ғана өздерінің қызметтерін атқарып қоймай, басқа да қызметкерлермен бірге бір адамдай халыққа көмек көрсетуде. Осы жаман індет кезінде баршамызға тазалықты, сабырлық пен төзімділікті сақтау қажет.

Баспасөз қызметі