Абай — дана, Абай — дара қазақта!

Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Даналықты көздесең
Жат тоқып ал көңілге
С.Торайғыров

Ұлы Абай – қазақ халқының ұлттық болмысы, бет-бейнесі. Абай мен қазақ бүгінде егіз ұғымға айналды. Абай сөзі, Абай қалыптастырған адамдық формуласы, рухани-әдеби мектебі осы күні халықтың айнасына, елдік мұрасына негізделіп, қазақ сөзінің синонимі секілді үлкен мәнге ие болды. Уақыт өткен сайын Абай мұрасы туған елінің ұлттық мінберіне шығып, тұғырланып келеді.

Ағымдағы жылдың 19 ақпанында  ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы  Қостанай академиясының 2-курс басшылығы Абай  Құнанбайұлының 175 жылдығына орай мерекелік іс – шара ұйымдастырды. Іс – шара өзін – өзі таныстыру, өлеңді мәнерлеп оқу, сахналық қойылым, викторина ойыны кезеңдерінен тұрды.

Барлық топтар өз өнерлерін паш етті. Сонымен қатар курсанттар Абай Құнанбайұлына арнап өлең шығарып, қара сөздерін мәнерлеп оқып, домбырамен күй тартып, сахналық қойылымдарын тарту етті. Жас буынның Абайды танып-білуге деген ынтасы дайындықтарынан-ақ көрініп тұрды.
Іс-шараның соңында ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары полиция полковнигі Е.Т.Каппасов және Кадр саясаты бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Р.К.Аужанов әр қазақ Абайды, оның өлеңдерін білуі керек екенін және ізденуден жалықпау керек екенін айтты.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпаса керек. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы артында мәңгі жасайтын сөз қалдырды. Терең мағыналы туындылары әлі күнге дейін құндылығын жоғалтқан емес. Біз, жас ұрпақ, оның туындыларының жоғалып кетпеуіне уәде береміз!

2-курс курсанты
полиция қатарындағы
А. Сайлау