«Sport Fest Qostanay 2019» атты студенттік спорт лигасы өтті

Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде аймағымыздың жоғарғы оқу орындары арасында «Sport Fest Qostanay 2019» атты студенттік спорт лигасы өткізілді. Облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған 8 команда өкілі қатысып, спортшылар өздерінің шеберліктерін танытып, бұл бір дүбірлі іс-шараға барынша белсене атсалысты. Осы орайда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары да бой көрсеткен болатын.
Осынау аталмыш іс-шарада негізгі салмақ еліміздің төл спорты қазақ күресіне және Палуан Шолақ, Қажымұқан сынды батыр бабаларының жолын қуған қазақ күресі палуандарына түскен болатын. Себебі нағыз мықтылар жиналған бұл сайыс түрінде «Нар мінезді жігітке, нарға мінсе жарасар» дегендей ұлттық спортымыздан басым болу — ол қазақтың қай жігітіне болмасын ұлттық намыс.
Осындай ержүректі қайсарлық қасиеттерін бойларына жинаған үш шәкіртіміз Сәбит Жан, Сейдірахманұлы Жұмахан, Бәшір Ғасырбек өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанса, екі палуанымыз Сейтмаханбет Рахат пен Жарқынбек Бақдәулет қола жүлдені қанжығаларына байлаған болатын. Осылайша, белді оқу ордамыздың қоржынына үш алтын, екі қола медалін салып берді. Бір өкініштісі екі курсантымыз жарыстың бірінші айналымында жарақат алып, қарсыластарына есесін жіберіп алды. Әрине, спорт болғаннан соң біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Бірақ «Ер шекіспей, бекіспес» деп қазақ атамыз айтқандай, бұл да бір спортшыларымыздың арасында рухани байланыс орнатуға себеп шығар. Осыған байланысты «Азды алмаған, көптен құр қалады» деп дана қазақ атам айтқандай, жалпы командалық есепте Академия палуандары үшінші орынды қанағат тұтты. Осылайша, өздерінің мықтылықтарын дәлелдей білетін шәкірттеріміз алдағы болатын аламан додалар мен ауқымды сайыстарда Академия абыройын тағы да үстем етіп, беделін арттыра түсетініне сеніміміз мол!

 
ЖжДД кафедрасының
аға оқытушысы
полиция майоры
Е.Кабидуллинов