Бүгін қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев дүниеге келген күн.
Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.
Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған.
Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала — Әкітай» ауданындағы «Советтік шекара» газетінде жарияланды (1949). «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері «Жастық жыры» атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!» деген еді («Қазақ әдебиеті», 18.3.1960).