АТАҒА ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР!

Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқаның арасын жайлаған осынау ұлан байтақ жеріміздің және кемел еліміздің тірегі болып, мемлекетіміздің одан әрі дамуы үшін үлесін қосып, тер төккен азаматтар жетерлік. Ал солардың есімін еске алып, ел есіне салып отыру бүгінгі ұрпақтың басты парыздарының бірі деп есептейміз.

Сол мақсатта «2019 -Жастар жылы» қарсаңында еліміздің әр өңірінде көптеген мерекілік іс-шаралар, түрлі спорттық сайыстар өткізілуде. Соның бірі ағымдағы жылдық мамыр айының 2-4 күні аралығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің бастауымен Қостанай облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы Қостанай облысының белбеу күресі федерациясының ұйымдастыруымен және ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы басшылығының қолдауымен аталмыш оқу ордасының спорт кешенінде Наурызым ауданының тумасы, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болған, академик Шайсұлтан Шаяхметовті еске алуға арналған белбеу күресінен 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының ашық чемпионат аламан додасы аталып өткізілді.

Аталмыш күрес түрі түркі халықтары арасында тарағандықтан, бұл сайысқа еліміздің әр өңірінен және айыр қалпақты ағайынымыз Қырғыз Республикасы, сондай-ақ көршіміз Ресей федерациясы Татарстан Республикасынан таңдаулы палуандар қатысып бақтарын сынады.

Аламан додамыздың ашылу салтанатында оқу ордасының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлы Биекенов сөз сөйлеп, өзінің ізгі лебізінде сонау алыстан ат терлетіп келген қырғыз, татар халықтарының (елдерінің) палуандарына және Қазақстанның барлық аймағынан келген қатысушыларға сәттілік тіледі. Келесі болып сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы өкілі, Қ.Оспанов атындағы БЖСМ-нің директоры, Қостанай облысының спорттық самбо күресі мен жауынгерлік самбо федерациясының президенті, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің екі дүркін жеңімпазы Ермағамбетов Нұржан Бегайдарұлы палуандарды және қонақтарды жарысымыздың ашылуымен құттықтап, бірер күн бұрын аталып өткен Қазақстан халықтарының бірлігі күнін назарға алып, аталмыш Қырғыз және Татар Республикаларының палуандарына қазақ халқының қонақжайлы, бауырмал халық екенін жеткізді, сондай-ақ бұл додада өнер көрсеткендеріне қуанышты екенін білдірді. Ізгі тілектен соң «жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын» дегендей Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Самбо күресінің құрметті ардагері» медалімен Қостанай облысы белбеу күресі федерациясының президенті Веклич Анатолий Ивановичті, «Самбо күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін» арнайы медалімен «Қаржау» ЖШС-нің директоры, бүгінгі додамыздың бас демеушісі Акулов Мухамеджан Қаржауұлын және дәл осындай мәтінде арнайы медалімен «Союз ТС» ЖШС-нің директоры Сейдалин Какимбек Хамитұлы сынды ағаларымызды марапаттады. Сөз кезегін белбеу күресі қауымдастығының бас хатшысы Сатыбалдинов Иманзайып Ермекұлы тізгініне алып жарысқа қатысушыларға ақ жол тіледі. Өзінің ізгі тілегін пайдалана отырып ол Академиямыздың бастығы полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлы Биекенов, Қостанай облысы белбеу федерациясының призиденті Веклич Анатолий Иванович Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министірлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің арнайы алғыс хаттарымен марапаттаған болатын.

Сайысымыздың құрмет төрінде орын алған қонақтар қатарында Қостанай академиясы бастығының орынбасарлары Ербол Төлегенұлы Қаппасов пен Каракушев Сәлімгерей Иманғалиұлы, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ құрметті профессоры, Қостанай қаласының құрметті азаматы Сарсенбаев Олжабай Қажғалиұлы, Самбо күресінен шеберлер арасындағы Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Куставлетов Бегайдар Ахметбекұлы, белбеу күресінен әлемнің төрт дүркін жеңімпазы, Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Қожобеков Нурбек Раймалиевич, Ресей Федерациясына еңбегі сіңген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші, белбеу күресінен Татарстан Республикасының аға жаттықтырушысы Салихов Равиль Фаилович, Белбеу күресінен әлем чемпионатының 2 дүркін жүлдегері, Халық барысының күміс жүлдегері Жиентаев Талғат Бағытжанұлы, Қостанай облысындағы белбеу күресінің аға жаттықтырушылары Атантаев Азамат Мылтыққалиұлы мен Ермағамбетов Әділ Құрманғазыұлы сынды ағаларымыз жайғасты.

Сайысымыздың шымылдығын көтерер алдында «Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, Қазақстан халқына еңбек сіңірген қайреткер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Қалыбек Дерипсалдин басқарған оқу орнымыздың домбырашылар ансамблі күмбірлеген күймен сайысқа өзгеше серпін беріп, палуандардың деребесін қоздырды. Сондай-ақ одан әрі Академияның күміс көмей әнші курсанттары мен мың бұралған бишілері өнер көрсетіп, додамызды одан әрі әсемдеді десек те болады.

Жарысқа қатысушы палуандарымыз алаңымыздың төрінде жайылған қос боз кілемнің шаңын шығара белдесіп, нағыз мықты анықталар сайыста өздерінің шеберлігін көрсете білді. Дәл осындай қарқында өтіп жатқан додамызда 16 команда өкілінен 200-ге жуық палуан қатысқан болатын.

Сайысқа жиналған көрермендеріміз бен алыс жақын қонақтарымыз аламан додаға куә болғанына қуанышты болып, ризашылығын білдірген болатын.




ЖжДД кафедрасының

аға оқытушысы, полиция майоры

Кабидуллинов Ержан Айтбайұлы