«Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы…. 

Отбасына ұл баланың келуін «ұл туғанға күн туған», — деп ерекше  бақыт санаған. Оның себебі қазақта отбасының жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген. Ер баланы адамгершілікке, батылдыққа, ептілікке, имандылыққа баулыған.

«Жас Star» ҚБ «Қостанай облысы әкімдігінің жастар мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ қолдауымен ағымдағы жылы «Студенттік көктем — 2019» облыстық фестивалі өтті.

Жыл сайынғы облыстық фестивальге Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары белсене ат салысты. Осы фестивальдің ерекше сайысы «Жігіт сұлтаны» байқауы болды. ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясынан «Жігіт сұлтаны» байқауына полиция кіші сержанты  2 курс курсанты Рүстем Жанайұлы Сәрсенәлі қатысты.

«Жігіт сұлтаны» байқауының бірінші күні аударыспақ сайысынан басталды. Сайыс ережесі бойынша аттың үстінде екі адамның күресіп, кім бірінші болып аттың үстінен құласа, сол жеңіске жетеді. Осы сайыста Рүстем екі бірдей жігітті жеңіп, ақтық сынға Бақдаулет Асанов атты Академияның түлегі көкпар аударыспақтан бірнеше дүркін жеңімпазы болған жігітпен бел байласты.

Екінші күні сайыс батыр кейпінде өз-өзін таныстырудан тұрды.

Рүстем Сәрсенәлі өзін Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик Бауыржан Момышұлы атамыздың кейпінде таныстырды:

Қандағы дарын жүректен бүгін жыр тұна,

Қазақтың ұлы айналсын әдет ғұрпыңа.

Бауыржан дейтін бір ұлы болсам қазақтың,

Қалдырсам өшпес өсиет шіркін жұртыма.

Бір пайдам тисе қуанар едім ұлтыма,

Ұлт қамын ойлап жүрегім жатыр бұлқына.

Тектілігіңді қазағым,

Бағалай білгің бағым деп.

Ойың шешпейтін дауың жоқ,

Күлкің жеңбейтін жауың жоқ.

Жалқаулық пенен надандық,

Барыңды алдан тосады.

Сабырдан дұшпан асады,

Сабырсыздан бақ қашады.

Білім ал жастар ел үшін,

Намыс болмаса сол қайғы.

Ұмтыл көрсем деп білсем деп,

Ешкім батыр боп тумайды.

Қайрат ететін кезіңде,

Жүк көтерген нардай бол.

Ақыл айтар кезіңде,

Жүз жасаған шалдай бол.

Артымда қалған асыл сөз,

Ұрпаққа берер байлығым.

Қара домалақ қара көз,

Қазақтың сүйдім әр бірін.

Қалам тербедім қаншама,

Майданда өтсе де тағдырым.

Бағала жастар өмірдің,

Өтіп жатқан бұл әр күнін.

Келесі сайыс сұрақ-жауап деп аталды. Ортаға барлық қатысушылар шығып, олардың барлығына сұрақтар таратылды. Сұрақтар көбінесе қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы болды. Одан кейін біздің Рүстем «Өз өнерің» деп аталатын сайыста өз өнерін көрермендерге паш етті. «Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп, бір күйдің үзіндісін ойнап, «Батырлар ұраны» деген әнін шырқады.

Төрт кезеңнен тұрған «Жігіт сұлтаны» байқауында полиция кіші сержанты 2 курс курсанты Рүстем Сәрсенәлі өзін жан-жақты білімді, білікті, қарапайым, адамгершілігі мол, болашақ тәртіп сақшысына лайық, халқының қорғаны болатын, нағыз қа­һарман ұл ретінде көрсетті.

Бүгінгі таңда Қостанай академиясында білім нәрін алып жатқан курсанттарымыз, яғни болашақ тәртіп сақшыларының  бойында мем­лекеттік-құқықтық дүниетаным, кә­сі­би-адамгершілік, құқықтық және патриот­тық тәрбие, жоғары тұл­ғалық қасиеттері бар қызметкерлер — полиция  беделін биікке көтереді деп ойлаймыз.

Баспасөз қызметінің хатшысы

О.Уақпаева