Бірлік — басты байлығымыз!

Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының акт залында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шарасы өткізілді. Мерекелік іс-шара Академия бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекеновтің құттықтау сөзімен басталды. Полиция полковнигі Нұрлан Биекенов: «Кең байтақ қазақстан даласында жергілікті ұлт қазақтарымен қазақ ұлтынан бөлек бірге басқа да 130-дай өзге ұлт өкілдері тұрады. Осыншама халық өкілдері ұлтына, нәсіліне қарамай, барлығы да тату – тәтті достықта, бірлік пен ынтымақтастықта тұрады. Жыл сайын атаулы мерекелі күні халықтар киелі қара шаңырақ қазақ жерінде татулықпен бейбітшілікте өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Біздің кең байтақ еліміз ынтымақтастығы жарасқан үлгілі елдердің бірі. Халық әрқашан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қиындықтармен бірге күрескен. Міне, біздің  Академияда да бірнеше ұлт өкілдерінің курсанттары білім нәрін алып жатыр. Курсанттарымыздың барлығы бір шаңырақ астында бір адамдай тату –тәтті өмір сүруде.  Бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты  ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген  сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарымызды насихаттау, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу болып табылады», деп сөзін аяқтады.

Мерекелік іс-шара 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнінің тарихына шолу жасаудан басталды. Академияның профессорлық – оқытушылар құрамы мен қызметкерлері сахна төрінде  қазақ, орыс, тәжік, кәріс, украин, шешен халықтарының ұлттық  киімдерін киіп, әндерін шырқап, билерін билеп, өлеңдерін мәнерлеп оқып  көрермендерді таң қалдырды. Сонымен қатар қызметкерлеріміз  әр ұлттың  тілінде сөйлеп, олардың тарихына шолу жасап, бірер көріністерін көрсетті. Сахнада қазақ билерінің атасы «Қара жорға» биі және де басқа ұлт өкілдерінің тамаша билері биленді. Іс-шара жарқын да әсем көріністерге толы болды.

Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, әрқашан да достық, ынтымақтастық, татулық пен келісімде тұрайық! Мерекеміз құтты болсын!










Баспасөз қызметінің хатшысы

О.Уақпаева