Жеңіс пен сәттілік тілейміз!

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе отырып, қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына орай, ағымдағы жылы маусым айында «ӨЗІМІЗДІҢ БИ-АҒА» атты республикалық жазба ақындардың жыр мүшайрасын өткізу жоспарланған.

Мүшайраның мақсаты – Би-ағаның рухын тербетіп, халқының бақытты жолына арнаған өмірі мен шығармашылығын насихаттау, тіл мәдениетін көтеру, халық арасынан шыққан ерекше дарындыларды іздеп табу.

Аталған республикалық жазба ақындарының жыр мүшайрасына Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Жедел — іздестіру қызметі кафедрасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Медет Лукпанов қатысып, өзінің жүректен шыққан өлеңін арнап отыр. Академия ұжымы, профессорлық – оқытушылар құрамының атынан полиция подполковнигі Медет Лукпановқа республикалық жыр мүшайрасының жүлдегері атанып,  жеңіс пен сәттілік тілейді!

Жастарға сенім

Күн күлімдеп, мамыр қылаң бергенде,

Майысқақ көк шыбықтайын солқылдақ,

Көктемге тән өкпек желдің өтінде,

Көктеуші едің жатырқаумен тосырқап.

Сенен күтіп, жақсылықтың күймесін,

Жүргендер көп өздігінен томсырап,

Жас кезінде үзіп алып түймесін,

Өз бақытын өзгелерден топшылап.

Жоқ, жастарға, керек екен еркіндік,

Керек емес балаусаға көп сұрақ.

Өмір сүрген адамдардан бір күндік,

Көп көргеннің тұлғалары сомдырақ.

Сенімінде, күш-қайраты жастардың,

Болашаққа шақырумен қол бұлғап.

Сол сенімнен ажыратпай қас-қағым,

Біз жағайық жастар үшін бір шырақ.

Қалмасын деп өкпек желдің өтінде,

Аяз қардың аясында омбылап,

Тіршіліктің жалғасуы үшін де,

Жүрміз бүгін көзден үміт тамшылап.

Болсын деумен жастар жаны қарағай,

Болса-дағы тәні шыбық солқылдақ…

Өкпек желдің өссе — дағы өтінде,

Жас шыбықтың мүмкіндігі көп бірақ.