«Парасатты полицей» — 2019

2019 жылдың 18 сәуірінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының акт залында Академия басшылығының қатысуымен КжСОФ 1,2,3 курс курсанттары арасында дәстүрге айналған «Парасатты полицей — 2019» байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Жастар жылы» жобасы аясында курсанттар арасында полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастырумен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау. Тамыры тереңге кеткен ішкі істер органдарының тарихы жайлы курсанттар арасында дұрыс көзқарас қалыптастыру, сонымен қатар белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ішкі қызмет генерал-лейтенанты Ш. Қабылбаевтың Отан алдында сіңірген игі істерін, Ғ. Байтасов секілді батыр ағаларымыздың ерлігін курсанттардың санасында жаңғырту болып табылады.

Сонымен, аталмыш байқауға 3 команда белсене қатысқан болатын. Олар:

1 курс курсанттарынан құрылған – «Алаш ұрпақтары» командасы;

2 курс курсанттарынан құрылған – «Жалынды жастар» командасы;

3 курс курсанттарынан құрылған – «Қабылбаев ұрпақтары» командасы.

Қара қылды қақ жарып, әділ бағаларын беру үшін әділқазылар алқасының төрағасы ІІО әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру кафедрасысының бастығы, полиция полковнигі Н.А. Тулкинбаев, «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Г.Т. Крикпенова және тілдер кафедрасының оқытушысы Е.Қ. Деріпсалдин шақырылды.




Байқау үш айналымнан құрылды. Алғашқы айнаым «Таныстыру» деп аталды. Бұл сайыста әр команда топты қысқаша таныстыра отырып, ІІО-ның жетістіктерін, оң имиджін, ІІО-да қызмет етудің мәртебесі мен жұмыстың ерекшеліктерін және полиция қызметкерлерінің қоғамдағы орнын сахналық көрініс арқылы сомдады. Осы көріністерді сомдау барасында байқауға қатысушылар көрермен қауымға өздерінің алғырлықтарын, актерлік қабілеттерін, шеберліктерін паш етті. Келесі айналым «Мен жастарға сенемін!». Яғни, бұл айналымда байқауға қатысушылар өздері дайындаған сахналық көріністері арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ, патриоттық рухты көтеретін, өз қызметтері барысында ерліктерімен есте қалған батырларымызды еске алып, ерліктерін дәріптеді. Және де соңғы, қорытынды айналым ол – «Дарындылар додасы». Бұл сайыс арқылы курсанттардың жалпы тарих, қазақ халқының кино, музыка, ән-жыр, өнер жайлы білімдері тексерілді. Жалпы, өткізілген іс-шара курсанттарға тәрбиелік жағынан ықпал етумен қатар, шығармашыл жастардың  мәдениеттілігін, шығармашылық қабілеттерін, сахна әдебін сақтау мен сөйлеу мәнерін  арттыруда үлкен үлес қосады.




Ал, аталмыш іс-шара соңында Академия бастығы, полиция полковнигі Биекенов Нұрлан Амангелдіұлы байқауға белсенді түрде қатысқан барлық қатысушыларды құттықтап, байқаудың үздіктері мен жүйріктерін марапаттау үшін грамоталарды табыс етті. Сонымен, «Парасатты полицей» байқауының нәтижелеріне келер болсақ, 1 курс курсанттарынан құралған «Алаш ұрпақтары» командасы 3-орынды, 2 курс курсанттарынан құралған «Жалынды жастар» командасы 2-орынды және жүлделі 1-орынды 3 курс курсанттарынан құрылған «Қабылбаев ұрпақтары» командасы иеленді. Осындай ауқымды, маңызы зор іс-шараға қатысқанымыз үшін өте қуаныштымыз.

                                                

Полиция кіші сержанты 3 курс курсанты

Э. Канатчина