Қайырымдылық – қадірлі іс !

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2 курс курсанттарының қайырымдылық іс-әрекеті.

Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілетін көмек. Курс басшылығы қарамағындағы курсанттарды жастайынан қайырымдылыққа, адамгершілікке, сыйластық қасиеттерге баулуға ұмтылуда. Алайда мың құбылған дүниеде табысын біреумен бөліспек түгілі өз басын асырай алмай жүргендер де баршылық. Дегенмен, олардың терістеу тірлігінен гөрі, жақсылардың шарапаты өмірдің өзін әдемі көрсетеді.

 «Жүрегіндегі иманы бар жұрт қолынан келгенше Алла алдындағы қасиетті парыздың бірін қайырымдылық», — деп, айтылған Ислам дінінде, әрине осылардың барлығын біле отырып, қайырымдылық жасамауға қалай жүрегін дауаламайды. Кең болсаң, кем болмайсың дегендей, курсанттардың шешімімен Академиямызға еңбегі сіңген ардагер қызметшіміз аспазшы Нина Архиповнаға көмек көрсетуді ұйғардық. 1997 жылдан 2005 жылға дейін курсанттарымыздың асын дайындап, таңның атуымен күннің батуына дейін аянбай еңбек еткен тұлғаларымыздың ерең еңбегін ескеріп, қал жағдайын сұрап, күнделікті өмірден өзгеше болсын деп үйіне барған болатынбыз. Қыстан шығып, жазға дайындық үстінде болар, қандай да іс-әрекеттеріне қол ұшын созуға ниеттеніп барған болатынбыз,  ойлағанымыз айдай келіп, көмек қолын күткен тәтеміздің қолғанаты болып мәз — мейрам болып қайттық. Қыздарымыз үй тазалығына көмектесіп, ұлдарымыз ағаштарын шауып, қолдың күшін қажет ететін жұмыстардың барлығын жасап бердік. Өз ұлының өзегінен теппе дейді ғой, үлкендеріміз. Тәтеміз жайдарлы, ашық мінезді,  курсанттармен тіл табысып, әңгімеге тартып, ыстық бәліштерінен ауыз тигізіп  және қолынан шай ішкізді. Бұның өзі бізге жайлы болды.

Біздің мақсатымыз баланы жастайынан игі істерге баулып, үлкеннің батасын алғызып, қайырымдылық істерге құлшынысын арттыру. Осы бағытта курсанттардың қайырымдылық іске деген құлшыныстары артып, кезекті қайырымдылық істер жасауға ниет білдіріп отыр.

Қайырымдылық іс жасауға себепкер болған, басшылықтың ұсынысын қолдап, курсанттарға үміт артқан Академияның басшылық құрамына 2 курс курсанттары атынан алғысымызды білдіреміз. Елбасының Жастар жылына арналған бағдарламасының шеңберінде бірталай жұмыстар жоспарлануда, бұл бастамамыздың алғашқы қадамы.  Болар бала бесігінен бұлқынар дегендей, артылған үмітті жоғарғы деңгейде ақтап шығуға тырысамыз.

Қабылдин М.О.

2 курс бастығының орынбасары

полиция аға лейтенанты

Максетова Г.А. 

2 курс курсанты

полиция қатарындағы