Ғылыми кеңістіктегі ұлттық тіліміз…

Қазақ тілінің сөздік қоры құнарлы, әдеби лексикасы аса бай. Сол мол мұрамыз ғасырлар белесінде заманның түрлі ағымын көре келе, бүгінгі таңда еңсесі мемлекеттік тіл дәрежесіне дейін көтеріліп отыр. Осы мемлекеттік деңгейдегі тіліміздің қазіргі заманғы келбеті жайында айтар болсақ, жүйелілік пен тыңғылықты жұмысты қажет ететін бірер жайттарға тап боламыз. Қазіргі заман – қазақ қоғамының, қазақ ұлтының ғылым мен іскерлікке бой түзеп, келешек ұрпаққа жаңғырған сана мен ғылыми негіз беруге ұмтылған кезеңі. Осы өркендеу дәуірінде қазақ қоғамының бүгіні мен ертеңіне берер ізгі амал-міндетіміз баршылық. Алайда, түрлі ғылым саласына мойнын бұрған әрбір қазақ баласының алдында қшырасатын бір қиындық бар – бұл қазақ тілінің ғылыми лексикасының жүйеленбей, бір қалыпқа түспей тұрғандығы.

Ғылыми тіл қатаң логикалық бірізділікті, объективтілік пен жүйелілікті талап етеді. Сондықтан да ғылыми мәтіннің жазылу жүйесі, сөздердің орналасу тәртібі, синтаксистік құрылысы, стилистикалық нормасы қатаң болуы тиіс. Сонымен қатар, функционалдық даму көрсеткішін айқындайтын ұлттық ғылыми тіліміздің лексикологиялық, терминологиялық базасының қалыптаспауы ғылым тілінің дамуына тегеурін іспетті. Шындығында, қазіргі таңда ғылыми ақпарат көзі болып табылатын ағылшын тілінің қазақ баласына орыс тілі арқылы келетіндігі жасырын емес. Бұл тұста мәселе аударма саласына келіп тіреледі.

Қазақ тілі қаншалықты сөзге бай болғанымен, ғылыми тілде тұрақты лексема мен терминологиялық базасын жасау қажет. Бұл қазақ тілінің ауқымын тарылтып, кедейлетпейді, керісінше, оның ғылыми деңгейін асырып, озық ұлттық ғылыми базасын құруға көмектеседі. Бұл тұста басқа тілден аударма жасау кезіндегі синонимдік әр-алуандылық туралы сөз қозғауға тура келеді. Ғылыми тілде сөз жүйесі нақты, саптау жүйесі орнықты болуы тиіс. Ол үшін синонимдік әр-алуандылықты азайтып, нақты лексемаларға нақты, ең тиімді әрі ұтымды дейтін тұрақты балама сөз жасауымыз қажет. Мәселен, қазіргі ғылым тілінде үш тармақты нервті үшкіл нерв (тройничный нерв), үшбұрышты ағашты ағаш үшкіл (деревянный треуголник), үшбұрышты қырлы жерді үшкіл жер (треугольный клин земли) деп атаған. Кезінде Бұқар жыраудың «Үшкілсіз көйлек кимесе…» дейтін сөзіндегі бұл үшкіл қазіргі таңда ғылым тілінде үш тармақ, үшбұрыш, үшбұрышты қыр дейтін ұғымдарды мойнына арқалап алған. Бұл үшкіл сөзінің нақты бір қызметте жұмсалмайтындығының көрінісі. Ғылым тілі нақтылықты, сөздің тек тура мағынасында болуын қалайды. Яғни бір сөздің бойында бір мағынадан артық мән болмауы тиіс деген сөз. Сондай-ақ, нерв-жүйке, алфавит-әліпби-әліппе сынды атаулық синонимияны да доғарып, ғылым тілін сапаландыру қажет деп есептеймін. Бұл ана тілімізге деген үлкен құрмет әрі оның бүгіні мен болашағына жасалатын игі қадам. Биология ғылымының докторы Н. Аралбаевтың мына бір сөзінде: «Қандай ғылым болсын сөз арқылы ұғындырылады, жария болады, үйретіледі. Әр ұлт оны өз тілінде түсініп, өз тілі арқылы дамытады. Қазақстанда ботаника ғылымы да қазақ тілінсіз өркендей алмақ емес. Әдебиетте өсімдіктер дүниесі көркемдік тұрғыдан бейнеленсе, ботаника ғылымы оның сыр-сипатын, құпиясын нақты ашып ұғынуды мақсат етеді… Бір сөзбен айтқанда, тіл мәселесі ғылымның дамуы үшін де маңызды. Сондықтан да қазақ тілін дамыту туралы сөз болғанда оның ғылыми салаларға да тікелей қатысы бар екенін түсіну қиын болмаса керек… » – деп өте орынды ой қозғайды.

мемлекеттік тіл бөлімшесінің инспекторы

Ақмарал Ерғалиқызы