ШЫНЫҚҚАН ШЫМЫР КУРСАНТТАРҒА СӘТТІЛІК

Қостанай қаласының Еңбек спорткешенінде 2019 жылдың күнтізбесіне сәйкес өңірдегі палуандардың біліктілігін арттыруды негізге ала отырып, ерлер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан оқу-жаттығу дайындығы өткізілді. Аталмыш жиын Қостанай облысының спорттық самбо күресі мен жауынгерлік самбо федерациясының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы басшылығының қолдауымен атқарылды.


«Жүзден жүйрік атанған, тепсе темір үзетін» палуандарымыз ағымдағы жылда болатын сәуір айының 4-7 жұлдызында Шығыс  Қазақстан облысы Семей қаласында өтетін Қазақстан Республикасының дүркіреген додасында бақтарын сынап көру үшін қызу дайындық жүргізді. Оқу дайындық жаттығуларын аға жаттықтырушылар қолдап, палуандарымызға өздерінің бойында бар біліктілігі мен кәсіби шеберлігін үйретіп, жол көрсеткен болатын. Олардың қатарында Қостанай облысы ерлер мен әйелдер арасындағы аға жаттықтырушысы, Қостанай академиясының Жауынгерлік және Дене дайындығы кафедрасының аға оқытушысы отставкадағы подполковник  Өтенов Бағдат Қаменұлы, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы, жауынгерлік самбодан Қостанай облысының аға жаттықтырушысы Танабаев Даулет Әлімханұлы және де Қостанай облысының спорттық самбо күресі мен жауынгерлік самбо федерациясының жауапты хатшысы, жаттықтырушы, академияның Жауынгерлік және Дене дайындығы кафедрасының аға оқытушысы полиция майоры Кабидуллинов Ержан Айтбайұлы сынды ағаларымыздың дайындауымен жүзеге асқан бұл іс-шарада палуандарымызға сенім беріп, ынта-жігерін арттырып, олардың тек қана физикалық күш-қуатын емес сонымен қатар моральдық-психологиялық тұстарындағы қабілеттерін де одан әрі дамыта түсті.

Палуандарымызға күш-жігер, рух сыйлайтын жиын өткен Еңбек спорт кешенінің төрінде қазағымның күш атасы, халқымыздың тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы бабамыздың суреті ілініп тұр. Бұл да бір палуандарымызды шыңдап, ынталандыруға септігін тигізері анық. Жалпы айтқанда жиынымыз өз жүйесінде, өз жалынымен қарқынды да сенімді жүріп өтті. Бір айға созылған бұл жиын қарқынды да белсенді ырғағымен жүріп, өзінің нақты әрі бірегей жемісін береді деген сенімдеміз. Шаршы алаңда шын жүйрікке тұсау жоқ дегендей, спортшыларымыз алдағы жарыстарда осы іс-шарадан алған тәлім — тәрбиелері арқылы шымырланып, шындалып, өз елінің мерейін үстем ететініне кәміл сенеміз.

Әділ Ілияс,

полиция қатарындағы 3 курс курсанты