Академия пікірсайысшылары республикалық пікірсайыс турнирінде бақ сынады

Дискуссия – білім алмасу, дау білімсіздікпен алмасу.

Роберт Куиллен.

Пікірсайыс – адамның сөйлеу шеберлігін арттырып, жүйелілікке, орнымен сөйлеп, аудиторияны басқара білуге үйрететін үйірме тәрізді. Оған қатысушылар ораторлық қабілетін шындап, мәселені екі жақты қарап, ажырата біледі.

Өз ісінің хас шебері болатын полиция қызметкері әскери, физикалық дайындығымен қатар, интелектуалдық ой-өрісінің дамуына, қоғаммен жүйелі түрде байланыс орнатуына көңіл бөлуі қажет. Болашақ полиция қызметкерлерінің азаматтық қоғаммен қарым-қатынасын құраушы, әлбетте тіл мәдениеті. Осы бағытта Академиядағы курсанттар арасындағы пікірсайыстың дамуы өте қуантарлық жайт. Белсенді жастармен пікір алмасып, тығыз қарым-қатынасты арттыру мақсатымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Заң және тәртіп» ғылыми-интеллектуалдық пікірсайыс клубының пікірсайысшылары жүйелі түрде республикалық турнирлерге белсене қатысады.

Атап айтсақ, Академия пікірсайысшылары 2019 жылдың 15-17 наурызы аралығында Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің қабырғасында Жастар жылына орай өткізілген «Ұлы дала жастары» атты ATAMEKEN CUP XI ректор кубогіне арналған республикалық турниріне қатысты. Турнир барысында қазіргі таңда әлемдік аренада болып жатқан өзекті мәселелерге байланысты қарарлар талқыланды. Бұл ойында әрбір пікірсайысшының көзқарасы, тапқырлығы мен логикалық, интеллектуалдық ойлау қабілеттері бағаланды. Пікірсайысшылар ораторлық қабілеттерімен қатар түрлі салалар бойынша білімдерін шыңдады. Турнир қорытындысы бойынша академия курсанттары грамотамен және сертификаттармен марапатталды.

Пікірсайыстың дамуына ерен еңбектерін қосып келе жатқан «Заң және тәртіп»  пікірсайыс клубына зор жетістіктермен, еңбектеріне жеміс, сөз өнерінің нағыз майталмандары болуын тілейміз!

1 курс магистранты

әділет аға лейтенанты М.Ә.Қабай