«Наурыз мерекесін тойлады»

Көктемнің жайма шуақ төккен күні, көптен күткен Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі де келіп жетті. Күн мен түннің теңелер, ақтың көбейер уақыты,  жыл он екі айдың басы Наурыз мереке қазақ  даласында кеңінен тойланып келеді.

Республикамыздың әр облысынан жиналған Академия қабырғасында білім алып жатқан курсанттарға Қостанай қаласындағы Наурыз мерекесінің тойлануын көрсету үшін 201-оқу тобының курсанттары 22 наурыз күні қала ортасындағы алаңға Наурыз мерекесін  тамашалау үшін сейілдемеге шықты.

Жаңа жыл басын мерекелеуді бастаған курсанттар, алдымен, Қостанай облыстық «Аймағамбет қажы Спанұлы» мешітінің ауласында өткізілген  жәрмеңке мен қазақтың ұлттық ойындарына қатысып, наурыз көжеден дәм татты. Сонымен қатар, осы мешіттің алдында өткізіліп жатқан жәрмеңкенің басталуына дайындық барысында барған курсанттар көмек қолын да тигізді.

Курсанттардың одан әрі қарайғы мерекелеуі қала орталығында өтіп жатқан мерекелік той-думанды тамашалаумен жалғасты.

Осындай көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Наурыз мерекесін тойлауға мүмкіндік берген Академия басшылығына және курс басшылығына курсанттар өз алғыстарын білдіреді.

201-оқу тобының кураторы

полиция аға лейтенанты

А. Мұрат