Академияда Алғыс айту күні өткізілді

Көктемнің тамаша күнінде Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Алғыс айту күніне арналған салтанатты іс-шара  жеке құрамының сапқа тұруында өткізілді.

Академия алаңында барлық курсанттар бір адамдай сап түзеп, Академия басшылығын, қызметкерлермен ата-аналарды қарсы алды. Осы салтанатты іс-шараға курсанттардың ата-аналары көктемнің алғашқы күніндей қуанышты көңілдерімен келді.

Алғыс айту күні — Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Алғыс айту күнін тарихқа тағзым ету деп түсінуге де болады.

Бүгін Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында ерінбей еңбек етіп, маңдай терін төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн болып саналады.

Алғыс айту күні елімізде салтанатты түрде төртінші рет өткізіліп отыр.

Бүгінде міне, Академия басшылығы оқу ордасында білім нәрін алып жатқан курсанттарға білімдеріне, қызметтеріне және спорт, ғылым, мәдени – көпшілік іс-шараларына белсене ат салысып жүргендеріне алғыстарын білдірді. Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов курсанттарды және Тәжікстан Республикасынан білім алуға келген тәжік азаматтарын құттықтады. Сонымен қатар жақсы тәлім-тәрбие берген, мәпелеп өсірген курсанттардың ата-аналарын құттықтап, 27 курсанттың ата-аналарына полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов Алғыс хаттарын табыс етті.

Академия алаңында генералдың қолынан Алғыс хат алу дегеннің өзі бір қуаныш емес пе! Курсанттармен ата-аналардың жүректері лүпілдеп, Академия басшылығына, профессорлық-оқытушылар құрамына ата-аналар шын жүректен алғыстарын білдірді.

Іс-шара соңында Академия басшылығы, ата-аналар мен курсанттар естелікке суретке түсті.

Баспасөз қызметі