Ауғанстан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

1978 жылы сәуір айында Ауғанстанда төңкеріс болып, 1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кірген болатын. Оған 22 мың қазақстандық қатысты. Қасіретті соғыс 10 жылға созылды. Сұрапыл соғыста күндер мен айларды санап, Отанына, отбасына жеңіспен қайтып оралуды, қаншама жауынгерлер армандады десеңші!

1989 жылдың 15 ақпаны күні Кеңестер Одағының әскері ауған жерінен шығарылды. Бұл біздің еліміз үшін қуанышты да мерекелі күн болып саналады. 15 ақпан күні дәстүрге сай естелік күні ретінде барлық Ауғанстан соғысының Ардагерлері жиналады. Биыл, Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толды.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Ауғанстан соғысының Ардагерлеріне құрмет көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 14 ақпанында Академияның акт залында курсанттар Ауғанстан соғысының ардагерлері Вячеслав Алексеевич Пряхинмен және Максим Николаевич Кунгускинмен кездесті. Аталған іс-шара ағаларымыздың ерлігін  болашақ  ұрпаққа үлгі ету, адамгершілікке, Отансүйгіштікке, ерлікке, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, патриоттық рухқа тәрбиелеуді қалыптастыру, сонымен қатар Ауғанстан соғысының тарихымен таныстыру болып табылады.

Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов Ауғанстан соғысының Ардагерлерін ерекше күнмен құттықтады.

Іс-шара барысында Ауғанстан соғысының ардагерлері Вячеслав Алексеевич Пряхин мен Максим Николаевич Кунгускин өздерінің естеліктерімен бөлісті. Курсанттар ардагерлерімізге Ауғанстан соғысына арналған деректі фильм көрсетіп, гитарада өлең айтып, ән шырқады.  Сонымен қатар әр-түрлі сұрақтар қойды.

Вячеслав Пряхиннің айтуынша: «Ауғанстан соғысындағы әр күн қауіп-қатерге толы болды, көзбен көрген жағдайларды сөзбен айтып жеткізуге болмайды. Соғыста қару асынып жүріп, бір-бірімізге бауыр болып  кеттік. Бүгін, еліміздің түкпір-түкпірінде ауғандық жауынгер — жолдастарымыз ерен еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып,  болашақ ұрпаққа үлгі болып жүр», — деп сөзін тәмамдады.

Ауғанстан соғысының Ардагерлері курсанттарға білімдеріңді одан әрі шыңдап, ішкі істер органы қызметінде заңдылықты бұлжытпай орындап, өз мамандықтарыңның кәсіби маманы болып, Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгерлер ағаларыңның ерліктерін үлгі етіңдер, еліміздің өркендеп дамуына өз үлестеріңді қосыңдар.

Іс-шара соңында, Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов Ауғанстан соғысының ардагерлеріне, ерліктеріңіз, қаһарман батырлықтарыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі. Сіздерді қадірлеп – құрметтеу – біздің борышымыз. Сіздерге үлкен рахмет!, деп алғысын білдірді. Ардагерлерімізге сыйлық тарту етіліп, естелікке суретке түсті.

 

Баспасөз хатшысы

О.Уақпаева