Қазақтың Ұлы кемеңгерлері – еліміздің байлығы

Абай әлемге ашылған терезе еді, оның жаны жаңарып жатқан дүниенің алыстағы сарынын сезе білді….

Гете мен Толстой сынды көптеген заңғар гуманист тұлғалардың далалық бауырласы екенін танытты.

Шыңғыс Айтматов.

 

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы тереңірек мәлімет  беру, өмір жолдарымен және шығармашылықтарымен таныстыру,  адамгершілікке тәрбиелеу, ақындардың даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттау, шығармаларына шолу жасау, өлеңдерін,  қара сөздерін мәнерлеп айтқызу мақсатында 2018 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында әдебиет кеші өткізілді.

Жазба әдебиетіміздің реалистік арнада қалыптасып даму тарихының арғы бастауында қос бәйтеректей тұлғаланып Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев қатар тұр.

Ыбырай Алтынсарин халық қамын жеп, «Менің үнемі ұмтылған тілегім — қалай да пайдалы адам болып шығу еді» десе, Абай да «елге пайдалы, адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана жақсы адам боламын деп» кеткен ақын еді.

Абай – туған елін, жерін, тілін, дінін жанындай жақсы көрген нағыз ұлтжанды дана ақын. Абай қолына қалам алып, ғылым мен білімнің ауыр азабын арқалап, өз халқын өркениетті елдердің қатарына қосуға тырысқан, қазақтың рухын жоғары көтерген дана қолбасшымыз болғандығы баршамызға мәлім.

Ыбырай Алтынсарин — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері, ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды.

Ұйымдастырылған әдебиет кешінде күндізгі оқыту факультетінің 1 курс курсанттары Абай Құнанбаевтың және Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін мәнерлеп оқып, олардың өмірбаяны туралы бейнероликтерді тамашалады.

Өлең — жанның айнасы іспетті. Айнаға қарап өз кескініңді көретінін сияқты, ақынның өлеңін оқып, оның жанын ұғынуға болады.

Аталған іс-шара курсанттарды қазақ халқының ұлы ақындары мен ағартушыларын танып білуге, адамгершілікке тәрбиелеуге, ақындардың өнегелі өмірімен таныстыруға бағытталған.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың және ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері оқырмандардың естерінде мәңгі сақталады.

Тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторы

полиция аға лейтенанты Д. Альжанова