Болашақ тәртіп сақшысы күдіктіні ұстады

Қостанай облысының Қостанай қаласында 1997 жылы 25 наурыз күні туған, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 4 курс курсанты полиция сержанты Оңайбек Өмірбекұлы  Оразақов ағымдағы жылдың 7 қазаны күні   қылмыс жасаған күдікті ұстады. Ол кешкілік бос уақыты кезінде Арыстанбеков көшесі бойында  жолдың арғы жақ бетінен таныс емес әйел адамның көмек сұрап айғайлаған дауысын естиді. Әйел адам  қолын  нұсқап сөмкесін ұрлап қашып бара жатқан ер адамды көрсетеді. Сол уақытта Оңайбек мүдірместен  сөмкені ұрлап бара жатқан күдіктінің артынан тағы да бір жас жігіттің қуып бара жатқанын көріп, дереу көмек беруге жүгіре жөнеледі. Күдікті артынан қуып келе жатқан екі адамды көріп, жылдам қолындағы сөмкені жерге лақтырып жібереді. Оның мұндай әрекетіне қарамастан, олар күдікті ұстайды. Осы уақытта Оңайбек күдіктінің артынан қуып келген адамның Қостанай облысы ІІД жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы полиция аға лейтенанты Жандос Раимбеков    екенін біледі. Осыдан кейін, жедел бақылау орталығының «102» нөміріне хабарласып, құқық бұзушыны Қостанай қаласы ІІБ Оңтүстік бөлімі полициясының тергеу – жедел тобының қызметкерлеріне тапсырады. Күдікті істеген ісін мойындап, ұрланған нәрсе алынды.

Курсант бола тұра, ер жүректілігімен көзге түскен Оңайбек бүгін міне, болашақ тәртіп сақшысының қырағылығын, мұқияттылығын, беріктігін, сондай-ақ құқық бұзушылықтың жолын кесуге деген ынтасының асқақтығын, адамдарға қолұшын беруге даяр тұруға  қажеттілігін дәлелдеді.

Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов 4 курс курсанты полиция сержанты Оңайбек Оразаковтың істеген ісін жоғары  бағалап, марапаттауға ұсынды. Сондай-ақ, Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің бас маманы Балслу Алекенова: күдіктінің бұрын сотталған азамат екенін, қазіргі кезде тергеп-тексеру істері жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Оқу ордасында білім алып жүрген болашақ тәртіп сақшыларының берген анттарына беріктігі мен ер жүректілігі туған еліміздің тыныштығы мен тәуелсіздігінің сақталуына қосар елеулі үлестерінің бірі деп білеміз.

Академияның баспасөз хатшысы

Уақпаева О.