«Қабылбаев ұрпақтары» «Өнерлі команда» номинациясын иеленді

Талдықорған қаласында 4-5 қазан аралығында өткен ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасындағы «Парасатты полицей» республикалық байқауында «Өнерлі команда» номинациясын иеленген «Қабылбаев ұрпақтары» командасы Академия бастығының қабылдауында болды.

Полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов: сайдың тасындай іріктелген 21 команданың ішінде «ең шығармашыл команда» атанудың оңай еместігін тілге тиек ете келе, осымен тоқтап қалуға болмайтынына, одан әрі іздене түсу қажеттігіне тоқталды. Маңызы зор әрбір игі шараға Академия басшылығы тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін және аты аңызға айналған Шырақбек Қабылбаевтың есімін иеленген команданың әлсіз өнер көрсетуге құқығы жоқтығын ескертті.

Өз кезегінде, команда мүшелері де жарыс барысында орын алған қызықты оқиғалармен бөлісіп, жер жаннаты – жетісудан үлкен әсермен оралғандарын жеткізді.

Астана қаласының 20 жылдығына тұспа-тұс келген осы байқауда олжа салып, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов қол қойған Дипломмен марапатталған команда мүшелерін Академия бастығы жеке-жеке құттықтап, алдағы жылы маңғаз Маңғыстау өңірінде өтетін байқауға барынша байыпты кірісуді тапсырды.



Мемлекеттік тіл бөлімшесі