Жаңа Жолдау түсіндірілді

5 қазанда Елбасы Н. Назарбаев Ақордада Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауын жариялады.

Тәрбие сағаты шеңберінде Елбасының Жолдауы КОФ 2 курс 201 оқу тобына көрсетіліп, кейбір бағыттары талқыланып, түсіндірілді.


Елбасы биылғы Жолдауында көбіне әлеуметтік мәселелерге аса көңіл бөлді. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау; білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу; мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту; орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдердің орындалуына баса назар аудару; жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар; медициналық қызмет сапасы; сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй және т.б.

Сондай-ақ, құқық қорғау қызметіне қатысты «Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет», — деді Елбасы, — «Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет; полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек; азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек». Елбасы құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлеріне қоятын талаптарын осылайша нақты жеткізді.

Тәрбие сағаты барысында Жолдаудың толық нұсқасы көрсетіліп, жоғарыда аталған бағыттары курсанттарға түсіндірілді.

201 оқу тобының кураторы

полиция аға лейтенанты

А. Мұрат