«Туған тілдің тұғыры» атты ән-жыр кеші

27 қыркүйекте Академияда Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесі аясында мемлекеттік тіл бөлімшесі және тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен «Туған тілдің тұғыры» атты ән-жыр кеші болып өтті

Кештің мақсаты: курсанттардың туған елге, туған жерге,туған тілге деген ыстық ұя махаббаттарын оятып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңыздылығын, жастар арасында қазақ тілін кеңінен қолдануды насихаттау, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру.



Аталған іс-шараға Академия бастығының орынбасары, ұйымдастырушы бөлім, 1 курс курсанттары қатысты. Кешті Андрейчук Ольга (3 курс) «Ұлт көсемі» атты әнімен ашып, қазақ тіліне деген құрметін білдірді. Күндізгі оқыту факультетінің 1- 4 курс курсанттары ән мен өлеңдерін, би және көңілді әзілдерін көрермен назарына ұсынып кешті жалғастырды. Сәрсенәлі Рүстем мен Ерболат Лашын «Мама», Аманжолова Зибагүл «Алтын бесік», Құмарбек Нұрай мен Мұратбекова Әйгерім «Қазағымның қыздары», Әмірханов Темірлан мен Тұрсын Ерсін «Мен қазақпын» атты әндерімен көрермендерді бір желпіндіріп тастаса, 4 курс курсанты Тұрсынбай Думанжан өз шығармашылығын тарту етті. Сондай-ақ, бұл кеште полиция аға лейтенанты Асқар Қуанышұлы «Жігерлендіру» өлеңін нақышына келтіріп оқып, курсанттарға патриоттық көңіл-күй сыйлады. 2 курс курсанттары сахналық қойылым қойып, бабаларымыздың даналығын, ұлылығын ұлықтады. Лашын Ерболат өз шығармашылығынан «Туған тілдің тұғыры» термесін орындап, кештің мәнін ашты. 1 курс курсанттарынан құрылған бишілер тобы «Қара жорға» биін нақышына келтіріп билесе, 2 курс курсанттары күй атасы Құрманғазының «Адай» күйін тебіренте орындады, ал 4 курс курсанттары өздерінің көңілді әзілдерімен көрермендердің езуіне күлкі үйіртті. Кеш соңында көрермен 1 курс курсанттарының рухани байлығы қаншалықты мол екендігін білмек ниетте, мақал-мәтелден жарыс өткізілді. Жеңімпаз курсантқа сыйлық та берілді. Кешті күндізгі оқыту факультетінің 2 курс курсанттары Ерболат Лашын мен Кусаинова Айнұр әсерлі жүргізді. Іс-шараны Сәрсенәлі Рүстем, Әмірханов Темірлан, Сыздықова Дина, Мұратбекова Әйгерім «Жаса Қазақстан»» әнімен жапты.



Кеш соңында Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Төлегенұлы Қаппасов ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан ата-баба аманаты –тілдің мәртебесі, мемлекеттік тілдің әртүрлі ұлт өкілдерін бір мүддеге тоғыстыруда, халықтар арасындағы татулық пен достастықты нығайтуда алатын орны жөнінде айта келіп, курсанттарды атаулы мерекемен құттықтады.

«Туған тілдің тұғыры» атты ән-жыр кеші қызықты әрі тартымды өтті.

Мемлекеттік тіл бөлімшесі