Қазақстан халықтарының тілдер күні – халықтың амандығы, ынтымақтастығы және ұлтың бірлігі.

«Тіл – достық пен келісімді орнатудың үздік дәнекері»

2018 жылдың 19 қыркүйегінде ҒЗО орталығы және Қазақстан Республикасы ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының КОФ курсанттарымен бірігіп Қазақстан халықтарының Тілдер күнін мерекелеуге байланысты іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – курсанттарға туған тілге деген махаббатты қалыптастыру. Әр түрлі ұлттардың тілдері туралы білімдерін толықтыру.

ҒЗО – ның бастығы полиция полковнигі А. Айтуарова курсанттарды Қазақстан халқтарының тілдер күнімен құттықтап, оқуда сәттілік тіледі.

ҒЗО ғылыми қызметкерлері полиция капитаны А. Әбдәлі Қадыр Мырза Әлидің сөзімен:

Ана тілім-ерлігім,

Ана тілім-елдігім.

Ана тілім-болмаса

Бүтінделмес кемдігім деп іс-шараны бастады.

Одан әрі сөзді ҒЗО ғылыми қызметкері полиция майоры Р. Аужанов курсанттарға тіл туралы баянат оқып берді.

Ана тілін біз кішкентай кезімізден әке-шешемізден, әжеміз бен атамыздан біле бастаймыз. Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңеді. Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадыр-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады.

         Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы.

Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Қазақ тілі қасиетті Қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады. Ана тілі – бұл әкенің тілі, туған халықтың тілі.

Сондықтан кез келген мемлекет өзінің аумағында салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды. Тіл адамдар арасындағы қатынас құралы, өйткені адамдар қоғамдық өмірде бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі, пікір алмасады, ойын жеткізеді. Тіл арқылы біз оқып, білім аламыз, қалаған мамандықты игереміз. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. “Өнер алды – қызыл тіл” деген осыдан шыққан болар. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді.

 

     Ғылыми – зерттеу орталығы