БІРІНШІ КУРС КУРСАНТТАРЫНЫҢ АКАДЕМИЯДАҒЫ БІРІНШІ КҮНІ

2018 жылдың 12 тамызынан бастап Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының оқу-дала лагерінде биылғы бірінші курсқа түскен курсанттар 15 күн бойы жас жауынгерлер курсын ойдағыдай аяқтап шықты.

Оқуға жаңа түскен жас курсанттар әскери өмірдің дәмін татып, осы уақытқа дейін қатал тәртіпке, спортқа, мәдениетке, таңертен ерте тұруға қысқаша айтқанда шыдамдылыққа үйреніп, дағдыланды.

Міне, олар үшін 15 күн қас-қағым сәтте өте шықты. Ауылда өскен балалар қолдарына күрек алып өссе, қаланың балалары қолдарына тек қалам ғана ұстап көрген жасөспірімдер, бұл күні күрек пен қаламның орнына автомат қаруын ұстап, түнде кезекшілікке тұрып, ел күзетуді үйренді. Осы жаттықтырулардың арқасында шыдамдылық пен сабырлықтың дәмін сезінді.

Осы білім мен ілімді, әскери оқу-жаттығуды Академияның білікті қызметкерлері адал үйретіп, жарты айдың ішінде бір отбасының баласындай бауыр басып, өмір кешті. 28 тамыз күні Академияның оқу-дала лагерінен Академияның бас ғимаратына 250 курсант келіп, жатақханаларына орналасты. Бұл жылдағы оқу-дала лагерінде өткізілкен спорттық, саптық және мәдени іс-шаралар жас курсанттарға берер пайдасы мол болды. Біріншіден шыдамдылыққа, сабырлыққа үйретсе, екіншіден бір-бірінің қадірін білуге үйретеді. Курсанттардың бойына отан сүйгіштік сезімді ұялата отыра оларды жақсы шыдамды болуға жаттықтырды.

Академия табалдырығын аттаған курсанттарды Академияның саптық алаңында Академия бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ербол Қаппасов және Академияның 2, 3, 4 курс курсанттары салтанатты түрде қарсы алды. Салтанатты кездесуде Ербол Төлегенұлы барша курсанттарды жаңа оқу жылымен және жас жауынгерлер курсын ойдағыдай аяқтауларыменен, бастысы ертеңгі тойланғалы отырған Қазақ елінің Ата заңы мерекесімен құттықтады.

— Құрметті офицер мырзалар мен курсантар! Сізді 30 тамызда аталып өтетін Ата заңымыздың қабылдаған Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан Республикасының Конституциясы — еліміздің дамуы мен гүлденуінің мықты негізі. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей: «Конституция біздің тәуелсіздігімізді нығайтып, мемлекет пен жалпы қоғамда мызғымас тұрақтылықты қалыптастырды». Осы жылдар ішінде біз барынша қуатты, экономикалық жағынан дамыған, саяси тұрақты мемлекет құруда орасан зор прогресске қол жеткіздік. Халықаралық қауымдастық бүгінгі Қазақстанды кеңінен танылған белгігі аймақтық көшбасшы, құрметті әрі жауапкершілігі жоғары серіктестік ретінде қабылдайды». «Біздің басты парызымыз Конституцияға ұқыпты қарап, өз елімізді, тарихымызды қалай құрметтесек, оны да солай құрметтеуіміз қажет» — деп атап өтті.

Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.

Баршаңызды тағы да Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қажымас кайрат, сәттілік, еңбектеріңізге кәсиби шығармашылық табыстар, отбасыларыңа амандық тілеймін, — деді өз жылы лебізінде Академия бастығының міндетін атқарушы Ербол Төлегенұлы Қаппасов.

15 күн бойы оқу-дала лагерінде қанша жерден шаршаса да бойларында намыстары оянып, бір-біріне дем беріп, сапта тұрған бірінші курс курсанттары «курсант» атағына иеленгеніне мақтанышпен қарағандары жанып тұрған көздерінен сезінді. Бұл дегеніңіз курсанттардың болашақта қандай қиыншылық болса да төтеп беретіндіктерін дәлелдей түсті.

Тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторы

полиция аға лейтенанты

Е. Кишкентаев