Мереке күніндегі мерейлі іс-шара

Көгілдір ашық аспан астында желбіреген көк байрағы бар, алтын сәулелі күн түскен шаңырағы бар, кеудесін керіп әндететін әнұраны бар – бұл біздің туған жеріміз Қазақстанды әлемге паш еткен мемлекеттік рәміздері.

Қазақстан Республикасының аталған рәміздері әр азаматтың жүрегінде патриоттық сезімін ұялатары сөзсіз. 4 маусым күні – Қазақстан Республикасының рәміздері күні мерекеленеді.

Аталған мереке күні Қостанай академиясында да бірқатар іс-шара өткізілді. Соның бірі Қостанай қаласында орналасқан «Дружба» мүгедектерге арналған Қостанай облыстық оңалту орталығында өткен мерекелік іс-шараға өздерінің концерттік номерлерімен қатысу болды. Осы мекеменің емделушілерінің көңілдерін көтеру үшін күндізгі оқыту факультетінің 1 курсының 101 оқу тобының курсанттары барды.



Өнерлерін көрсеткен талантты курсанттарды көрермендер үлкен ықыласпен тамашалап, алғыстарын білдірді.

Еліне адал қызмет ету жолын таңдаған жас буынға аға буын өкілдері ақ батасын жаудырып, таңдаған жолдарынан таймай, гүлденген елімізді одан әрі гүлдендіруге атсалысып, биіктен көрінулерін тіледі. Және де туған еліміз Қазақстанның осындай патриот ұрпағы өсіп келе жатқанын мақтан тұтамыз деді.

Сондай-ақ, оңалту орталығының қызметкерлері Академия басшылығына, осы мерекені атап өтуге атсалысқан тәрбие жұмысы бөлімінің қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.


А. Мұрат

101 оқу тобының кураторы

полиция аға лейтенанты