Мәдениет университеті аясында өткен іс – шаралар

Рухы әлсіз, ұстанымы бұлыңғыр ұрпақ ескексіз қайық сияқты, қай жағалауға барып соғылары беймәлім. Сол себепті оған дем беріп, жағалауды көрсетер тәлімгер екенін ұмытпайық. Біздің Академиямызда мәдениет университеті ашылған күнінен бастап, әр түрлі мәдени іс-шараларға көңіл бөлуде. Бұл мәдени іс-шаралар әдеби кітаптарды оқудан бастап, өнер саласына дейін жалғасып жатыр. Өнер демекші, өнердің басты өзегі ол – театр. Театр – тірі тарих. Театр – нағыз тәлім-тәрбие мен тағылымның ортасы. Киелі өнердің ордасына бас сұққан жастарымыз мәдениетті де үйреніп, өмірді де көреді. Ақ пен қараның, арпалысып жатқан заманның ащы шындығын біліп, ара жігін ажырата алады. Сол себепті курсанттарымызды театр қойылымдарына қызығушылығын арттыру біздің бірден-бір парызымыз. Міне, осы бір өнер түрін дамыту мақсатында және де «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, мәдениет университеті аясында «Педагогика және психология» кафедрасының ұйымдастыруымен алғаш рет Академия төрінде КОФ курсанттарының қатысуымен Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағына арналған «Тарихи тұлға» атты сахналық қойылым өтіп, сонымен қатар курсанттарды Қостанай қаласындағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрына «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасын тамашалауға алып бардық.

Академияда өткен қойылым  Елбасының балалық сәтінен бастап, 17 жастағы бозбала шағына дейінгі өмірінен сыр шертеді. Осылайша сахналық қойылым арқылы қарапайым отбасында тәрбиеленген Елбасының сәби кезінен бастап-ақ алғыр, дарынды, достарының арасында қамқор бола білген қасиеттеріне куә болдық. Ал психологиялық драма тақырыбының негізгі өзегі – мейірімділік. Әсіресе, бүгінде әрқайсысының санасын тұрмыс билеп, өз отбасын құрып үлгерген көп балалы отбасыдан тараған бауырлардың бір-біріне, қоғамға деген мейірімсіздігі. Психологиялық драманы көре отырып, әрбір көрерменнің туған ел ғана емес, туған шаңырақ пен ата-ана алдындағы перзенттік парызы санаға беріліп, жүректен шыға келеді. Басты кейіпкер ана мен оның мүгедек баласы, қаладан келген үлкен ұл, тұрмыстығы қыздар мен күйеу балалар — сан түрлі мінез-құлықтың иелері. Көрерменге көп ой салып, жанарына жас үйірілтетін осындай шығарма жан дүниенің таза болуына үндейді.

Міне, осылайша Академиямыздың мәдениет университеті аясында болған іс-шараларымыз жемісті өтіп және осы мәдени бағытта  «Абай және Мұқағали оқулары» өткізіледі.  Рухани құндылықтарымыз: театр, кітап, әдеби әлем дүниелерін мұқият оқу, адами таным мен тәжірибеде мықтап ескеру – адамзаттың асыл парызы деп ойлаймыз!





Педагогика және психология

кафедрасының оқытушысы

полиция аға лейтенанты

Н.Турсумбаева