«Мәдениет университеті» жобасы аясында дастархан жаюдың қыр-сырымен танысты

«Мәдениет университеті» жобасы аясында «Қостанай қызмет көрсету саласының колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынмен бірлесе отырып тәжірибелік сабақтар ұйымдастыру мақсатында Тәрбие жұмысы бөлімімен аталмыш жобаға сай кесте құрылып бекітілген болатын. Оқу жылының басынан аталған жоба шегінде әр түрлі саладағы қызметкерлер оқу орнымызға келіп курсанттарға теориялық түрде дәріс сабақтарын өткізді. Осы алынған теориялық білімдерді тәжірибе жүзінде шыңдап бекіту мақсатында «Мәдениет университеті» жобасы аясында өткізілетін тәжірибелік сабақтардың кестесіне сәйкес 2018 жылдың 3 мамырында 2 курс 201-202 оқу топтары Қостанай қызмет көрсету саласының колледжіне барып қайтты. Бұл жерде олар теория жүзінде меңгерген білімдерін шын мәнінде көзбен көріп, тіпті өздері де тәжірибеден өтіп көрді. Тәжірибелік сабақ барысында колледж қызметкерлері курсанттарды дастархан жаюдың жалпы  ережелерімен таныстырып өтті. Дастархан жаюдың реттілігін, яғни ең алдымен үстелдің бетіне дастархан төсеу, тәрелкелерді, құрал-аспаптарды, шыны ыдыстарды қою, майлықтармен сәндеу, дәмдеуіштерге арналған құралдарды және құмырамен гүл қою тәртібін түсіндірді. Содан кейін үстелге ыдыстарды қою тәртібін, дастархан құралдарын орналастыру тәсілідерін, сондай-ақ үстел басында сақталатын негізгі әдеп ережелері жайлы айтылды. Үстел басында өзін-өзі ұстау мәнерін, мінез-құлық әдебін, соның ішінде тамақтану уақытындағы құралдар мен әртүрлі тағамдарды қолдану ережелері аталды.

Өткізілген іс-шара барысында дастархан құралдарын орналастырудың сан алуан тәсілідерімен танысты.  Курсанттар сабаққа аса қызығушылық танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауаптар алып отырды.

Жақсы әдептер, тәрбие және мәдениет – бұл уақыт өткен соң өзінің мағынасын жоғалтпайтын, барлығына жақсы белгілі терминдер. Халық даналығы айтып кеткендей «Сыйластық дастархан басынан басталатыны» баршамызға аян. Сол себепті іскерлік кездесу немесе таныстармен бірге кешкі ас ішу болсын, этикет ережелерін білу кез келген адам үшін өте маңызды болып табылады. Бұл өткізілген тәжірибелік сабақтардың негізгі мақсаты тек қана курсанттарды дастархан әдебімен таныстырып қана қою емес, сонымен қатар сабақтың нақты маңыздылығы – курсанттарды тәрбиелеу және олардың жан-жақтылығын дамыту.

Академия бастығы, полиция генерал-майоры М. Қызылов мырзаның айтуы бойынша, әр курсанттың бойында нағыз офицерге тән қасиеттер болуы тиіс. Әрбір курсанттың бойына мәдениеттілік пен әдептілікті, жүріп-тұру, сөйлеу мәдениетін, дастарханды жаю және офицерлік вальсті үйрету мақсатында «Мәдениет университеті» аясындағы өткізіліп жатқан іс-шаралар осының айғағы ретінде әрі қарай жалғасын табуда.












Тәрбие жұмысы бөлімі

Б. Курмангалиева

 

2 курс курсанты

полиция қатарындағы

Э. Каначина