Академияның жекпе-жек құрама командасы Алматыдан жүлделі қайтты

2018 жылдың 24-27 сәуір аралығында Алматы қаласындағы  Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Академиясында Қазақстан Республикасының әскери жоғары оқу орындарының курсанттары арасында жекпе – жек сайысынан жыл сайынғы генерал – майор Ә.Ә.Арыстанбековты еске алуға арналған ашық республикалық турнир өтті. Бұл турнирге 8 командадан 80-ге жуық  спортшы қатысып, жүлделерді өзара сарапқа салды.

Осындай бәсі жоғары бәсекеге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы атынан 9 курсант қатысып, барлығы жүлделі орынға ілікті. Әуелі 55 келі салмақ дәрежесінде 1 – курс курсанты Қуандық Қуанышұлы жүлделі 2-ші орынға ие болса, артынша 60 келі салмақ дәрежесінде 3-ші курс курсанты Жандос Жанұзақов та күмістен алқа тақты. Көп ұзамай  65 келі салмақта 2 – курс курсанты Жұмабек Иманбаев абыройымызды асқақтатып, чемпион атанды.

Одан кейін 70 келі салмақ дәрежесінде 2-ші курс курсанты Мирзат Мамыров күміс жүлдеге қол жеткізсе, 75 келіде 3-ші курс курсанты Рүстем Ермекұлы ешкімге дес бермей, алтыннан алқа тақты. 80 келі салмақ көрсеткішінде 4 – курс курсанты Жүкенов Темірлан 3 – орынға табан тіресе, +90 келіде 2 – курс курсанты Мырза Түсіпбеков жүлделі екінші орынға ие болды.

Жоғарыда көрсетілгендей біздің курсанттар түгелдей дерлік финалға шыққан. Бұл өте жақсы көрсеткіш екені анық. Осындай қарқынмен біздің Академия құрамасы 2 алтын, 4 күміс және 1 қолаға қол жеткізіп жалпы командалық есепте 2 – орынға тұрақтады. Курсанттар өздерінің оңайлықпен берілмейтінін тағы да бір дәлелдеді.

Жарыстан жүлделі қайтқан жеңімпаздарды Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов дәстүр бойынша қабылдап, жүлделі жеңістерімен құттықтады. Кездесу барысында курсанттар жеңіс оңайлықпен келмегенін және де жеңіс жолында үлкен тер төккендеріндер Академия басшылығына баян етті.

                                                            

Курсанттар баспасөзі қызметінің мүшесі

 полиция қатарындағы

Думанжан Тұрсынбай